Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлерін еңбек заңнамасын қатаң сақтауға шақырды
Бөлісу
Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері бірден екі маңызды қатерге тап болды — интернет-алаяқтықтың көбеюі және еңбек қанауына байланысты тәуекелдер. Өңір кәсіпкерлеріне жаңа қауіптер туралы құқық қорғау органдары бизнес қауымдастығымен өткен арнайы кездесуде ескерту жасады, деп хабарлайды SKO24.kz.
Полиция мәліметінше, тек 2025 жылдың өзінде Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 654 фактісі тіркелген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллиард 401 миллион теңгеден асқан. Қылмыскерлердің құрбанына қарапайым тұрғындар ғана емес, компаниялар, кәсіпорын қызметкерлері мен бизнес басшылары да айналып отыр.
СҚО полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Милена Балацкаяның айтуынша, зардап шеккендердің арасында 261 жеке кәсіпорын өкілі бар. Оның ішінде 12 басшы және 249 қызметкер тіркелген. Сонымен қатар, зауыттар мен ірі ұйымдардың 175 өкілі де алаяқтардың әрекетінен жапа шеккен.
Көбінесе қаскөйлер банктердің атынан жалған қоңыраулар шалу, жалған сайттар жасау, мессенджерлер арқылы хабарламалар тарату, «қауіпсіз аударым» жасау туралы ұсыныстар айту, аккаунттарды бұзу және жалған инвестициялық жобаларды ұсыну сияқты тәсілдерді қолданады. Соның салдарынан компаниялар қаржысынан, шоттарға қолжетімділіктен және құпия ақпараттарынан айырылып жатыр.
Ағымдағы жылы тіркелген жағдайлар саны аздап төмендегенімен, келтірілген шығын көлемі әлі де өсіп отыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанында өңірде интернет-алаяқтықтың 135 фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,6 пайызға аз. Алайда үш айдағы шығын көлемі 350 миллион теңгеге жеткен.
Кездесуде адам саудасының алдын алу мәселесі де көтерілді. СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Аякөз Байменованың айтуынша, бүгінде қылмыскерлер интернет арқылы адамдарды жоғары жалақы, жеңіл жұмыс және жақсы еңбек жағдайларын уәде етіп арбап жатыр.
«Қазақстанда адам саудасы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», — деп еске салды полиция өкілі.
Оның айтуынша, ең көп таралған түрі — еңбек қанауы. Мұндай жағдайда адамдарды ақысыз жұмыс істеуге мәжбүрлейді, еркін жүріп-тұруын шектейді, құжаттарын тартып алады немесе қорқыту арқылы ұстап отырады.
Тәуекел тобына әйелдер, жасөспірімдер, мүгедектігі бар азаматтар, жұмыссыздар және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар кіреді. Дегенмен мамандардың айтуынша, кез келген адам құрбан болуы мүмкін.
Кәсіпкерлерге қызметкерлерді іріктеу кезінде мұқият болу, күмәнді делдалдардың қызметін пайдаланбау, жұмысшыларды ресми түрде рәсімдеу және еңбек заңнамасын сақтау ұсынылды.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда бизнестің қауіпсіздігі тек мүлікті қорғаумен шектелмейді. Бұл — қызметкерлердің қауіпсіздігі, цифрлық деректерді сақтау және компания беделін қорғау мәселесі.
Бөлісу