Басты бет СҚО жаналықтары «Құқықтық дәріхана» – Солтүстік Қазақстан облысының әрбір тұрғынына қолжетімді, кәсіби әрі тегін заңгерлік көмек көрсететін әлеуметтік жоба

«Құқықтық дәріхана» – Солтүстік Қазақстан облысының әрбір тұрғынына қолжетімді, кәсіби әрі тегін заңгерлік көмек көрсететін әлеуметтік жоба

by Камилла Кәрім

views 30
cover

Көмекке жүгіну қажет болғанда, еңбек құқықтары бұзылған жағдайда немесе жұмыс берушімен не мемлекеттік органдармен даулы жағдай туындағанда қайда жүгіну керек деген сұрақ жиі туындайды. Баланың мүдделерін қалай қорғауға болады? Осындай және өзге де құқықтық мәселелер бойынша тұрғындар Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының апта сайынғы «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында жауап ала алады, деп хабарлайды SKO24.kz.

Акцияның негізгі мақсаты – құқықтық көмектің барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта консультативтік алаңдар халық көп жиналатын орындарда – сауда орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мәдениет үйлерінде, Оқушылар сарайында, аудандық ауруханаларда және басқа да қоғамдық жерлерде ұйымдастырылады. Мұнда кез келген азамат алдын ала жазылусыз және ресми рәсімдерсіз тегін білікті заңгерлік кеңес ала алады.

Жыл басынан бері прокурорлар шамамен 15 қабылдау өткізіп, 1000-нан астам азаматтың өтінішін қарады. Көтерілген мәселелер әлеуметтік төлемдер мен еңбек дауларынан бастап кәмелетке толмағандардың тұрғын үй құқықтарын қорғауға дейінгі кең ауқымды сұрақтарды қамтыды.

Мәселен, Айыртау ауданының тұрғыны ұзақ уақыт бойы еңбек ақысын ала алмай жүргенін айтып жүгінді (жұмыс ресми түрде тіркелмеген). Прокуратураның араласуынан кейін қызметкер алдындағы берешек толық өтелді.

Тағы бір жағдайда Қызылжар ауданының зейнеткері әлеуметтік төлемдерді есептеу тәртібіне қатысты түсіндіру сұрап өтініш білдірді. Тексеру нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталып, прокуратураның шаралары нәтижесінде тиісті қайта есептеу жүргізіліп, азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.

Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, көпбалалы отбасы тұрғын үй алу мәселесі бойынша құқықтық қолдау алды. Нәтижесінде олардың өтініші бақылауға алынып, заңды мүдделерінің сақталуы қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ Мамлют ауданының тұрғыны интернет-алаяқтық фактісі бойынша (тауарға OLX платформасы арқылы тапсырыс берілген) қылмыстық іс қозғаудан бас тартылғанына қатысты шағымданды. Прокуратураның араласуынан кейін келесі күні сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сәуірдің 28-і күні өткен кезекті «Құқықтық дәріхана» акциясы барысында облыстың 150-ге жуық тұрғыны түрлі мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңес алды.

«Құқықтық дәріхана» акциясы өз жұмысын жалғастыруда. Қабылдаулар әр сейсенбі сайын Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде және облыстың аудан орталықтарында (ХҚКО, мәдениет үйлері, аудандық ауруханалар және т.б.) өткізіледі.