Солтүстік Қазақстан облысында агроөндірістің жаңа, тұрақты үлгісі қалыптасып келеді. Өңір фермерлері «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамымен жасымық өсіру және жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қойды, деп хабарлайды SKO24.kz.
Жоба БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қатысуымен және Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – экологиялық таза егіншілік әдістерін енгізу және тозған жерлерді қалпына келтіру.
2026 жылы бағдарламаға қатысатын ауыл шаруашылығы өндірушілерін іріктеу басталып, алғашқы кезеңде бес шаруашылықпен пилоттық келісімшарттар жасалды. Жобаның басты тетігі – жасымықты форвардтық сатып алу. Бұл механизм фермерлерді қаржылай қолдап қана қоймай, экологиялық тұрақты агротехнологияларды енгізуге ынталандырады.
Бағдарлама аясында шаруашылықтарға кешенді қолдау көрсетіледі: ғылыми сараптама, заманауи агротехнологиялар бойынша кеңестер және экологиялық тәуекелдерді басқару құралдары ұсынылады.
Алғашқы кезеңде жасымық жеткізу көлемі шамамен 2,5 мың тоннаны құрайды. Болашақта тиімді тәжірибелерді еліміздің басқа өңірлеріне тарату жоспарланған.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар агробизнестің дамуына серпін беріп, ауыл шаруашылығын экологиялық тұрғыдан тұрақты бағытқа көшіруге мүмкіндік береді.