4 мамыр күні Қазақстанның Еңбек Ері, «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің негізін қалаушы Геннадий Иванович Зенченко 89 жасқа толар еді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Осыған орай оның туған ауылы — Новоникольское ауылында көрнекті аграрийдің рухына арналған еске алу іс-шарасы өтті. Іс-шараға облыс әкімінің атынан бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов пен аппарат басшысы Руслан Әлішев қатысты.

Бүгінде Геннадий Ивановичтің ісін оның ұлы — Геннадий Геннадьевич Зенченко жалғастырып келеді. Кәсіпорын тек өндірістік әлеуетін сақтап қана қоймай, негізін қалаушы айқындаған басты қағидатты — ауыл тұрғындары алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті де берік ұстанып отыр. Новоникольское бүгінде заманауи, қарқынды дамып келе жатқан ауылдың жарқын үлгісі саналады.

Геннадий Зенченконың өмірден өткеніне он жылға жуық уақыт өтсе де, оның есімі, еңбексүйгіштігі, даналығы мен Отанға деген адалдығы жерлестерінің жүрегінде сақталып келеді. Оның агроөнеркәсіптік кешен мен ел экономикасының дамуына қосқан үлесі зор.