Басты бет СҚО жаналықтары СҚО құрамасы Талдықорғандағы көкпардан Қазақстан чемпионатында сенімді өнер көрсетіп, жарқын нәтижелерге қол жеткізді

СҚО құрамасы Талдықорғандағы көкпардан Қазақстан чемпионатында сенімді өнер көрсетіп, жарқын нәтижелерге қол жеткізді

by Камилла Кәрім

views 139
cover

Қазақ даласы тағы да ұлттық спорттың үлкен аренасына айналды. Талдықорған қаласындағы атшабарда 2026 жылдың 1–9 мамыры аралығында ересектер арасында көкпардан Қазақстан Республикасының XXV чемпионаты өтіп жатыр. Бұл — еліміздегі ең көрнекті әрі тарихи мәні зор ұлттық ат спорты додаларының бірі. Жарысқа 19 өңірдің ең мықты командалары қатысуда. Дода барысында көкпар жанкүйерлерінің қызығушылығы жоғары болып, бұл ойын көшпелі мәдениеттің рухын, күшін және дәстүрін айшықтайтын спорт ретінде тағы да дәлелденіп отыр, деп хабарлайды SKO24.kz.

Солардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы да бар. Команда турнирді бірқатар тартысты кездесулермен бастап, өз әлеуетін көрсете білді.

Алғашқы ойында СҚО құрамасы Алматы командасын 6:1 есебімен айқын жеңіп, ұйымшыл ойын мен дұрыс тактиканы көрсетті. Келесі кездесуде жамбылдық мықты қарсыласқа тап болып, 0:11 есебімен жеңіліп қалды.

Алайда бұдан кейін солтүстікқазақстандықтар турнирдегі қарқынын қайта күшейтіп, жеңісті жолға оралды. Маңызды кездесулердің бірінде Атырау облысының командасын 11:2 есебімен ойсырата жеңіп, алаңдағы басымдықты толық көрсетті. Одан кейінгі ойында да СҚО құрамасы жоғары деңгейін сақтап, тағы да 11:2 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, қазіргі кезең қорытындысы бойынша СҚО құрамасының еншісінде 6:1, 11:2, 11:2 есебімен жеңістер және 0:11 есебімен бір жеңіліс бар. Бұл турнирдегі бәсекенің жоғары деңгейде өтіп жатқанын көрсетеді.

Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталады. Үздік ойыншылар Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.

Талдықорғандағы бұл дода тек спорттық жарыс қана емес, ұлттық мәдениетті ұлықтайтын, көкпар арқылы дәстүр мен заманауи спорт рухын тоғыстыратын маңызды оқиға болып отыр.