Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар аграрийлері егіс науқанына кірісті. Олардың қатарында Жамбыл ауданындағы «Атамекен-Агро» ЖШС мен «Ақ-Жер 2010» ЖШС бар. СҚО Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта олар ерте пісетін дақылдарды себу жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды SKO24.kz.
Биыл егіс науқаны 4,3 млн гектар алқапты қамтиды. Егіс құрылымын әртараптандыру аясында дәнді дақылдардың егіс көлемі 100 мың гектарға қысқартылып, 2,9 млн гектарды құрайды. Бұл бағыттың маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткен.
«Егіс алқаптарын әртараптандыруды жалғастырып, табысты әрі жоғары маржиналды дақылдарды өсіруге басымдық беру қажет. Бұл өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ақшалай көлемін арттыруға мүмкіндік береді», – деген болатын Президент.
Биыл СҚО-да жоғары маржиналды майлы дақылдардың егіс көлемі 1 млн гектарға жетеді, ал мал азықтық дақылдар 405 мың гектарды құрайды. Картоп пен көкөніс дақылдарының егіс көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталып, тиісінше 8,6 мың және 1,4 мың гектар болады. Сонымен қатар өңірде жүгері алқаптарын 15 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Өткен жылдың қазан айынан басталған ерте қаржыландырудың арқасында аграрийлер маусымға алдын ала дайындалу мүмкіндігіне ие болды. Салалық ведомствоның мәліметінше, «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында 86 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде «Солтүстік» ӘКК арқылы 38 млрд теңге, Аграрлық несие корпорациясы арқылы 32,5 млрд теңге берілген.
«ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 5% жеңілдетілген мөлшерлемемен 35,7 млрд теңге бағытталған. Сонымен қатар «Продкорпорация» ҰК АҚ арқылы форвардтық сатып алуға 8,8 млрд теңге бөлінген. Биыл пилоттық режимде қызыл жасымық сатып алуға 171 млн теңге қарастырылып, бұл мемлекеттік қолдау шараларының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Өңірде 455 мың тонна тұқым дайындалып, олардың барлығы қажетті сараптамадан өтіп, кондициялық деп танылған. Бұл егіс науқанын сапалы өткізуге мүмкіндік береді.
Көктемгі дала жұмыстарына 10 мыңнан астам трактор, шамамен 14 мың тұқым сепкіш және 1,5 мың заманауи егіс кешені жұмылдырылады. Техниканың дайындығы 100%.
Науқанның табысты өтуінің маңызды шарттарының бірі — жанар-жағармаймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта мемлекет тарапынан 58,7 мың тонна отын бөлініп, жеткізу кестесі бекітілген. Жеңілдетілген дизель отынының бағасы литріне 281 теңгені құрайды, бұл аграрийлердің шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Топырақ құнарлылығын сақтау және өнімділікті арттыру мақсатында 400 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысында егіс науқанын сәтті өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мемлекеттік қолдау, техникалық жарақтандыру, тұқым қорының жеткіліктілігі, жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілуі және тыңайтқыш енгізу — осының барлығы аграрийлерге жұмыстарды сапалы әрі уақытында орындауға мүмкіндік береді. Әрине, науқанның қорытындысы көп жағдайда ауа райының қолайлы болуына байланысты болмақ.