Басты бет СҚО жаналықтары Солтүстік Қазақстан облысында өткен «Құқықтық дәріхана» акциясына 130-ға жуық тұрғын қатысты

Солтүстік Қазақстан облысында өткен «Құқықтық дәріхана» акциясына 130-ға жуық тұрғын қатысты

by Камилла Кәрім

views 94
cover

Кезекті акция 2026 жылғы 5 мамырда Тайынша, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы, Уәлиханов және облыстың басқа да аудандарында, сондай-ақ Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде өтті. Онда тұрғындар өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша прокуратура қызметкерлерінен тікелей кеңес алды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Іс-шара барысында азаматтарға қолданыстағы заңнаманың нормалары, өз құқықтарын қорғау тәртібі түсіндіріліп, түрлі мәселелер бойынша көмек көрсетілді.

Мысалы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда пробация қызметінде есепте тұрған ауылының тұрғыны жұмыспен қамту мәселесі бойынша өтініш білдірді. Аталған мәселе бойынша прокуратура қызметкерлері оның құқықтарын түсіндіріп, мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы кеңес берді. Қарау нәтижесінде азамат квота шеңберінде жұмысқа орналастырылды.

Тағы бір жағдайда, Тайынша ауданының тұрғыны «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақы алу мәселесін көтеріп, өтініш білдіргенімен, жәрдемақы алмаған. Оған өтінімді дұрыс рәсімдеу тәртібі түсіндірілді.

Акция барысында облыс бойынша 130-ға жуық тұрғын түрлі мәселелермен қабылданды. Ағымдағы жылдың басынан бері прокуратура органдары 16-ға жуық осындай акция өткізіп, 1000-нан астам азаматқа құқықтық көмек көрсеткен.

Акцияның негізгі мақсаты – құқықтық көмекті әрбір тұрғынға барынша қолжетімді ету, халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және азаматтарға олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда қолдау көрсету.

«Құқықтық дәріхана» акциясы әр сейсенбі сайын Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде және облыстың аудан орталықтарында (ХҚКО, мәдениет үйлері, аудандық ауруханалар және басқа да нысандарда) жалғасады.