Бүгін бүкіл Қазақстан Отан қорғаушылар күнін атап өтуде. Бұл мереке бейбіт аспан, аумақтық тұтастық және еліміздің қауіпсіздігі үшін қызмет ететін барлық азаматтарды біріктіреді. Өткен мен бүгінгі батырлардың рухына тағзым ету үшін Петропавл қаласында Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған ескерткішке гүл қоюдың салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Қарасай мен Ағынтай батырлар — қазақ халқының тарихында есімдері мәңгілікке жазылған аңызға айналған тұлғалар. Олар туған жердің тәуелсіздігі үшін жанқиярлықпен күресіп, нағыз патриотизмнің, табандылықтың және Отанға адал қызмет етудің символына айналды.
Алаңға жүздеген адам жиналды: әскери қызметкерлер, полиция қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері, жастар және басқа да қала тұрғындары. Барлығы Отан қорғаушылардың рухына тағзым ету үшін келді.

Салтанатты гүл қою рәсіміне облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты. Ол таңертең әлеуметтік желілерде Солтүстік Қазақстан тұрғындарын Отан қорғаушылар күнімен құттықтаған болатын. Өңір басшысы бұл мерекенің батылдықты, борышқа адалдықты және ел қауіпсіздігі үшін қызмет еткен және етіп жүрген азаматтардың жанқиярлығын бейнелейтінін атап өтті.
«Отанды қорғау — әр азаматтың жоғары жауапкершілігі мен парызы. Қарулы күштер әскери қызметшілері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және ардагерлер мемлекетіміздің берік қалқаны әрі тірегі, ерлік пен абыройдың, әскери борышқа адалдықтың символы болып табылады. Бұл күн ерлік пен патриотизмді, туған жерге деген сүйіспеншілікті бейнелейді. Біздің өңірдің тұрақтылығы мен дамуы, бейбітшілік пен қоғамдық келісім — барлық тұрғындардың бірлігі мен еңбегінің нәтижесі. Ел игілігі жолындағы ортақ мақсаттарға адалдық — біздің басты құндылығымыз. Баршаңызға мықты денсаулық, амандық, отбасылық бақыт, бейбіт өмір және өркендеу тілеймін», - облыс әкімі өз құттықтауында атап өтті
Алаңға келгендердің арасында өз тарихына шынайы мақтанышпен қарайтын жасөспірімдер де аз болмады. Олардың қатарында №17 Ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінің оқушылары да бар. Білім беру мекемесінің директоры Ләззат Жалмұқанова тарихты білмейінше, лайықты азамат тәрбиелеу мүмкін емес деп есептейді.

«Бүгінгі жарқын күн үшін батырларымыз талай күш жұмсап, жанын қиды. Олар еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін өздерін аямады. Мен өз Отанымның патриоты ретінде бұл жерге келмеу мүмкін емес деп санадым. Менімен бірге бүгін осы маңызды күнде ұлы батырларға тағзым ету үшін оқушыларымыз да келді», - деді Ләззат Жалмұқанова
Көптеген тұрғындар алаңға отбасымен келді. Қалалық мәслихат депутаты Сәлімхан Сабитов қызы екеуі батырлар рухына гүл қоюға келді. Оның айтуынша, жеке үлгі көрсету — балаларға патриоттық тәрбие берудің ең тиімді жолы.

«Біздің батырларымыз терең құрметке лайық. Олардың ерлігінің арқасында біз жерімізді сақтап қалдық, бүгінде онда 130-дан астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Біз олардың рухына бас иеміз. Бүгінгі күн әрі қуанышты, әрі мұңды. Бәріміздің үстімізде әрқашан бейбіт аспан болсын», - деді Сәлімхан Сабитов.

Гүл қою рәсімі Солтүстік Қазақстан тұрғындарының бірлігін және туған жер қорғаушыларына деген шексіз құрметін білдіретін маңызды символға айналды. Бұл іс-шара ұрпақтар сабақтастығын және қоғамдағы бейбітшілік, тұрақтылық пен ұлттық келісімді сақтауға бағытталған құндылықтардың мызғымастығын дәлелдейді.
