Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тыл еңбеккерлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Өңір басшысы олардың ерен еңбегі мен соғыс жылдарындағы төзімділігіне алғыс білдірді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Кездесу барысында облыс әкімі ғасыр жасағалы отырған Асия Мұхамеджанқызы Әжібаеваның шаңырағында болды. Соғыс жылдары тылда еңбек етіп, тігінші болып жұмыс істеген ардагер Жеңіске өз үлесін қосқан. Биыл 17 мамырда Асия апай 100 жасқа толады. Ғасыр куәгеріне айналған кейуана бүгінде табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі саналады.

Сондай-ақ өңір басшысы Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылында тұратын Тамара Гавриловна Липченконың үйіне барды. Соғыс жылдары ол бала күтуші болып еңбек етіп, кейін аяқ киім фабрикасында жұмыс істеген. Майданнан алыс болса да, тылдағы ауыр еңбек пен блокада зардабын бастан өткерді.

Ғауез Нұрмұхамбетов тыл ардагерлеріне көрсеткен жанқиярлығы, төзімі мен өлшеусіз еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, оларға зор денсаулық пен амандық тіледі.

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында балалық және жастық шағы соғыстың ауыр кезеңімен тұспа-тұс келген 1844 адам тұрады.