Басты бет СҚО жаналықтары Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында ауыл мектебі білім сапасын арттыруға арналған облыстық семинар өтті

Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында ауыл мектебі білім сапасын арттыруға арналған облыстық семинар өтті

by Камилла Кәрім

views 63
cover

2026 жылғы 15 мамыр күні Ақжар ауданының «Талшық орта мектебі» КММ базасында «Ауыл мектебі – сапа алаңы: білім сапасын арттырудың тиімді механизмдері» тақырыбында облыстық семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Бұл іс-шара ауыл мектептеріндегі білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды тәжірибе алаңы ретінде ерекшеленді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Семинар аясында тірек және магниттік мектептердің педагогтері өзара тәжірибе алмасып, ашық сабақтар мен шеберлік сағаттарын өткізді. Мұғалімдер заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдану жолдарын көрсетіп, оқу үдерісін жаңаша ұйымдастырудың әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Әсіресе цифрлық білім беру құралдарын пайдалану, функционалдық сауаттылықты дамыту және оқушы белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар кеңінен қамтылды.

Сондай-ақ жасанды интеллект, STEM-білім беру, робототехника және цифрлық ресурстарды сабақта қолдану тәжірибелері ерекше назарға алынды. Педагогтер бұл бағыттардың оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға, шығармашылық әлеуетін ашуға және оқу мотивациясын күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Семинар барысында Teams платформасы арқылы ұйымдастырылған онлайн сабақтар мен тәжірибелік жұмыстар да көрсетіліп, қатысушылар тарапынан жоғары баға алды. Бұл форматтың тиімділігі, әсіресе шалғай ауыл мектептері үшін оқыту сапасын арттырудағы мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.

Іс-шара барысында мектеп дәлізінде оқушылардың жобалық, зертханалық және шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Онда оқушылардың түрлі ғылыми жобалары, қолөнер туындылары мен зерттеу жұмыстары ұсынылып, олардың ізденісі мен белсенділігі жоғары бағаланды. Көрме семинарға ерекше мазмұн беріп, қонақтардың қызығушылығын арттырды.

Жалпы алғанда, семинар қатысушылары мұндай тәжірибе алмасу алаңдарының маңызын ерекше атап өтіп, ауыл мектептерінің дамуына оң әсер ететінін жеткізді. Іс-шара соңында ұйымдастырушыларға алғыс айтылып, мұндай кездесулер білім сапасын көтерудегі тиімді тетік екені айтылды.