Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған өңірдің ресми делегациясы Ресей Федерациясының ірі индустриялық өңірлерінің бірі – Челябі облысына жұмыс сапарымен барды. Бұл кездесу екіжақты әріптестікті нығайтуға, өндірістік кооперацияны кеңейтуге және жаңа инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Бүгінде Челябі облысы Солтүстік Қазақстан облысының негізгі стратегиялық серіктестерінің қатарында. Екі өңір арасында қалыптасқан тығыз сауда-экономикалық байланыстар жыл сайын нығайып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика және өңдеу салаларындағы ынтымақтастықтың ауқымы кеңейіп келеді. Көрші аймақтардың географиялық жақындығы мен тарихи байланыстары өзара тиімді серіктестікті дамытуға қосымша мүмкіндік беруде.

Жұмыс сапарының алғашқы күні делегация Челябі облысындағы бірқатар жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен танысты. Атап айтқанда, машина жасау саласындағы ірі өндіріс орындарының бірі саналатын «УралКран» зауытының өндірістік әлеуеті назарға алынды. Кәсіпорын жүк көтергіш техника мен өнеркәсіптік жабдықтар шығаруға маманданған. Сондай-ақ делегация ұзақ сақталатын нан және кондитерлік өнімдер өндіретін «Хлебпром» компаниясының жұмысымен танысып, заманауи технологияларды енгізу тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты.

Кездесулер барысында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, технология алмасу, бірлескен өндірістер құру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Тараптар екі өңір арасындағы экономикалық байланыстың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендерін жеткізді.

Айта кету керек, Солтүстік Қазақстан облысында да өндірістік секторды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының №3 субаймағында бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Соның бірі – «KazCraneEngineering» ЖШС-нің жүк көтергіш-көлік жабдықтарын өндіретін заманауи зауыты. Жоба өңірдегі машина жасау саласының дамуына тың серпін бермек. Сонымен қатар «БЕЙКЕРТОН» ЖШС донат өнімдерін шығаратын өндіріс орнын ашу бағытында жұмыстар жүргізуде. Бұл кәсіпорындар толық іске қосылғаннан кейін жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті экономиканың дамуына елеулі үлес қоспақ.

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов мұндай халықаралық және өңіраралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, өндірістік жобаларды жүзеге асыру арқылы облыстың инвестициялық тартымдылығы артып, жаңа технологиялар енгізіледі, экспорттық әлеует күшейеді және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігі жоғарылайды.

Жұмыс сапары аясындағы кездесулер мен келіссөздер алдағы уақытта екі өңір арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп күтілуде.
