Басты бет СҚО жаналықтары СҚО-да ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану кезінде заңбұзушылықтар анықталды – аграрийлерді заңнаманы қатаң сақтауға шақырды

СҚО-да ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану кезінде заңбұзушылықтар анықталды – аграрийлерді заңнаманы қатаң сақтауға шақырды

by Камилла Кәрім

views 24
cover

Солтүстік Қазақстан облысында агроқұрылымдарды жер ресурстарын ұтымды пайдалану қағидаларын қатаң сақтауға, жер құнарлылығын сақтап, арттыруға, сондай-ақ сабан мен егін қалдықтарын жағуға жол бермеуге шақырды. Бұл туралы облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Ауыл шаруашылығы өңірдің тарихи қалыптасқан негізгі саласы болып табылады және облыс халқының әл-ауқаты осы саланың дамуына тікелей байланысты. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты ресурсы. Сондықтан олардың басымдығы, қорғалуы және ұтымды пайдаланылуы Қазақстан Республикасының жер заңнамасында нақты айқындалған.

Ауыл шаруашылығы құрылымдары өз қызметін жүзеге асыру кезінде жерді ұтымды пайдалану қағидаларының талаптарын сақтауға міндетті. Алайда соңғы уақытта облыс аумағында бұл нормалардың бұзылу жағдайлары жиілеп кеткен.

Мәселен, Тайынша және Тимирязев аудандарының жер пайдаланушылары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде сабан мен егін қалдықтарын өртеуге жол берген. Бұл әрекеттер жерді ұтымды пайдалану қағидаларының талаптарын бұзу болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жерді пайдалану ретінде сараланады.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 93-бабы 1-тармағына сәйкес, жер учаскесін немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдалану Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 338-бабы бойынша жауапкершілікке әкеп соғады, яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымсыз пайдалану ретінде қарастырылады.

Аталған фактілер бойынша Департамент тарапынан жосықсыз жер пайдаланушыларға қатысты 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.

Жалпы алғанда, 2025 жыл және 2026 жылдың өткен кезеңінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымсыз пайдаланғаны үшін 11 агроқұрылым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жер учаскелеріне құқықтық ауыртпалық ретінде тіркей отырып, жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.

Егер аталған бұзушылықтар жойылмаса, Жер кодексінің 93–94-баптарында көзделген тәртіппен жер учаскелерін сот арқылы мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыздар сотқа беріледі.

Сонымен қатар, жерді ұтымсыз пайдалану жөніндегі материалдар мемлекеттік кірістер органдарына жолданып, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының 40 есеге ұлғайтылған мөлшерлемесін қолдану қарастырылады. Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 581-бабының 5-тармағына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мақсатты түрде пайдаланылмаған немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланылған жағдайда базалық салық мөлшерлемелері Қазақстан Республикасының жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күннен бастап 40 есеге дейін ұлғайтылады.

Жер ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі тұрақты бақылауда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, оған қаражат салып, адал еңбек ететіндерге тиесілі болуы керек» екенін атап өткен.

Осыған байланысты агроқұрылымдардың назарын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидаларын қатаң сақтауға, жер құнарлылығын сақтау мен арттыруға, сондай-ақ сабан мен өсімдік қалдықтарын жағуға жол бермеуге аударады.