Челябі облысына жұмыс сапары аясында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған ресми делегация өңіраралық форумға қатысты. Кездесу барысында екі өңір арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Өңіраралық байланысты нығайту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі басымдықтардың бірі. Бүгінде ресейлік инвесторлар СҚО аумағында бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен тауар айналымы 311 млрд теңгені құрады. Оның басым бөлігі шекаралас өңірлердің үлесіне тиесілі.

Форум барысында СҚО-ның инвестициялық, өнеркәсіптік және аграрлық әлеуеті таныстырылды. Сонымен қатар өңірлер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, жаңа бірлескен жобаларды іске асыру және кәсіпкерлік байланысты дамыту мәселелері көтерілді. Солтүстік Қазақстан және Челябі облыстарының бизнес өкілдері арасында B2B форматындағы кездесулер өтті.

Сапар аясында облыс әкімі Челябі облысының губернаторы Алексей Текслермен ресми кездесу өткізіп, әріптестіктің келешегін талқылады. Делегация жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралап, индустриялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесімен танысты.
Ресми сапар барысында қазақстандық делегация Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.