СҚО әкімі Қызылжар ауданына сапары барысында егіс науқаны мен бірқатар жобалардың жүзеге асу барысымен танысты
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қызылжар ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол көктемгі дала жұмыстарының жүргізілуімен танысып, Прибрежное ауылындағы жолды қайта жаңғырту және жоңышқа өңдеу зауытының құрылысын тексерді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында егіс науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қызылжар ауданында Ғауез Нұрмұхамбетов жергілікті аграршылармен кездесіп, қазіргі жағдаймен танысты. Бүгінгі таңда мұнда көктемгі дала жұмыстары 35%-ға орындалған.

Биыл СҚО бойынша жалпы егіс алқабы 4,3 миллион гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 1,5 миллион гектар жерге жазғы егіс жүргізілді. Оның ішінде 970 мың гектарға дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, ал 458 мың гектарға майлы дақылдар егілген. Өнімділікті арттыру мақсатында топыраққа 400 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр.
Жалпы егіс науқанына 10 мыңнан астам трактор, шамамен 14 мың дәнсепкіш және 1,5 мың заманауи жоғары өнімді егіс кешені жұмылдырылған. Көктемгі жұмыстарды жүргізу үшін аграршыларға 59 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді.
Сонымен қатар, Қызылжар ауданына сапар барысында әкім жоңышқа өңдеу зауытының құрылысымен танысты. Бұл — өңірдегі маңызды инвестициялық жобалардың бірі.
Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 60 мың тонна түйіршіктелген өнім өндіруге мүмкіндік береді. Дайын өнімнің басым бөлігі Қытай мен Орталық Азия елдеріне экспортталатын болады.
Жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауданның экспорттық әлеуетін арттыруға және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына қосымша серпін беруге мүмкіндік береді. Жаңа өндірісті іске қосу осы жылдың тамыз айына жоспарланған.
Сонымен қатар, облыс әкімі Прибрежное ауылындағы көпір салумен қатар автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді.
Қазіргі уақытта ауыл жағынан жол төсемін төгу және нығайту, сондай-ақ тіреуіштің арматуралық қаңқасын құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Ғауез Нұрмұхамбетов құрылыс жұмыстарының сапасы мен барлық кезеңдерінің уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.