«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен Zoom қосымшасы арқылы тікелей эфирде колледж студенттеріне әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі істер бойынша көрсетілім сот процестері өткізілді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Осылайша, Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 3-бөлігі бойынша құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін (тыйым салынғанына қарамастан спирттік ішімдіктерді пайдаланған), ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (қоғамдық орында балағат сөздер айтқан) және ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы 2-бөлігі бойынша ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін, атап айтқанда темекі тұқылын терезеден жерге тастағаны үшін К.-ға қатысты сот процесі өткізілді.
Сонымен қатар, аталған азамат бұған дейін де сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны және әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Істерді сотта қарау нәтижелері бойынша азамат К. Олег аталған баптар бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі әкімшілік жазалар қолданылды.
Құқық бұзушы сот отырысында кінәсін толық мойындады, қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Прокуратура қызметкерлері оқушылар мен жастар арасында құқықтық сананы қалыптастыруға, қылмыстық мінез-құлыққа тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Онлайн трансляцияға 250 студент қосылды.