Басты бет СҚО жаналықтары 33 СҚО тауар өндірушісі Астанада өткен «Ulttyq ónim - 2026» көрмесіне қатысты

33 СҚО тауар өндірушісі Астанада өткен «Ulttyq ónim - 2026» көрмесіне қатысты

by Камилла Кәрім

views 36
cover

22-24 мамыр аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы «Ulttyq ónim - 2026» көрмесі өтті. Оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 600-ден астам компания қатысты. Солардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысынан келген кәсіпорындар да болды. Ауқымды шарада СҚО-ны 33 тауар өндіруші таныстырды, деп хабарлайды SKO24.kz.

2015 жылдан бері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аталған көрменің ұйымдастырушысы болып келеді. Осы уақыт ішінде көрме қазақстандық өндірушілер өз өнімдерін таныстырып, тәжірибе алмасып, табыс тарихтарымен бөлісетін ірі алаңға айналды. Көрме отандық компаниялар арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және заманауи өндіріс технологияларын енгізуге тиімді платформа болды.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқып берді. Онда кәсіпкерлік белсенділіктің тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін өндірістік бастамаларды қолдау жалғасатыны атап өтілді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканың негізгі қозғаушы күші болып табылатын шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға және оның жағдайын жақсартуға, іскерлік белсенділікті кеңейтуге әрі экономикалық әлеуетті нығайтуға бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жаңартылған Конституцияда мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде халықтың әл-ауқатын арттыру және жауапты, жасампаз патриотизм идеясын ілгерілету айқындалған. Отандық тауар өндірушілер осы қағидаттардың нақты көрінісі», – делінген Премьер-министрдің құттықтау сөзінде.

Биылғы көрме өткізілу тарихындағы ең ауқымды шараға айналды. Қазақстанның барлық өңірінен келген 600 тауар өндіруші өз өнімдерін ұсынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары көрсеткіш.

Көрмеде Солтүстік Қазақстан облысының 33 тауар өндірушісі өз өнімдерін таныстырды. Өңір кәсіпорындары тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы өнімдерін көрсетті.