30 мамыр күні Петропавл қаласында «Өрт сөндіру кроссфиті – Солтүстік кубогы» атты функционалдық өрт сөндіру көпсайысы жарысы өтеді. Іс-шара Қазақстан Конституциясы көшесі, 58 мекенжайында, СҚО әкімдігі ғимаратының қарсы бетіндегі орталық алаңда ұйымдастырылады, деп хабарлайды SKO24.kz.
Жарыстың салтанатты ашылуы мен басталуы сағат 11:00-ге жоспарланған. Оған Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының ТЖД командалары, сондай-ақ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының командасы қатысады.
Қатысушылар толық жауынгерлік киімде және тыныс алу органдарын қорғау құралдарымен 8 кезеңнен тұратын кедергілер жолағын еңсереді.
Жарыс қорытындысы сағат 14:00-де шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталады.