Қазақстан Премьер-Лигасының 12-туры аясында петропавлдық «Қызылжар» өз жанкүйерлеріне көптен күткен жеңісті сыйлады. «Қарасай» стадионында өткен тартысты кездесуде солтүстікқазақстандық команда талдықорғандық «Жетісуды» 3:2 есебімен жеңді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Матч өте тартысты өтіп, көрермендерді соңғы секундтарға дейін қобалжытты. Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері шабуылға белсенді шығып, жеңіске деген жігерін көрсетті. 28-минутта бұрыштамадан кейін Этьен Бугре есеп ашып, «Қызылжарды» алға шығарды.
Үзілістен кейін петропавлдықтар ойын тізгінін өз қолында ұстап, шабуылдарын жалғастырды. 71-минутта Дамьян Краишник алыстан керемет гол соғып, есеп айырмасын ұлғайтты — 2:0.
Осы сәтте «Қызылжар» сенімді жеңіске жететіндей көрінген. Алайда матчтың соңғы минуттары нағыз футбол драмасына айналды. 88-минутта Нұрбол Ануарбеков есеп айырмасын қысқартса, араға бір минут салып Йован Пайович таразы басын теңестірді — 2:2.
Соған қарамастан, петропавлдық команда жігерін жоғалтпай, соңына дейін күресті. Кездесудің басты кейіпкері Этьен Бугре болды. Қосымша уақытта ол дубль авторы атанып, «Қызылжарға» маңызды әрі көптен күткен жеңіс сыйлады — 3:2.
Осы жеңістен кейін «Қызылжар» 15 ұпай жинап, Қазақстан Премьер-Лигасының турнирлік кестесінде сегізінші орынға көтерілді. Петропавлдық жанкүйерлер үшін бұл жеңіс зор қуаныш пен командаға деген сенімді арттырған маңызды нәтиже болды.