Қазақстандық грек-рим күресінің балуаны Ислам Евлоев халықаралық аренада өз шеберлігін дәлелдеп келеді. Вьетнамда өткен 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі 97 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алып, чемпион атанды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Чемпиондық атаққа жету жолында Ислам Үндістан, Қырғызстан, Өзбекстан және Корея спортшыларымен төрт белдесу өткізді. Қарсыластарының деңгейі жоғары болғанына қарамастан, қазақстандық балуан тамаша дайындық, жоғары техника және мықты мінез көрсетті. Ол барлық белдесуді мерзімінен бұрын аяқтап, турнирдің ең жарқын спортшыларының біріне айналды.
Жеңістен кейін Ислам табысқа жетуге тәртіп, режим, тұрақты жаттығу және бапкерлер штабының қолдауы үлкен әсер еткенін айтты.
«Бәрі бірге әсер етеді. Тек рухпен алысқа бара алмайсың. Режим, тәртіп, жаттығу — осының бәрі маңызды», — деді спортшы.
Бүгінде Ислам Евлоев грек-рим күресі мектебінің ең болашағы зор өкілдерінің бірі саналады. 2023 жылы ол Жоғары спорт шеберлігі мектебіне қабылданып, Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі сапына енген.
Соңғы жылдары спортшы республикалық және халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетті. 2023 жылы ол 20 жасқа дейінгі Азия чемпионатында алтын, 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алып, Қазақстан Республикасының VI жазғы спартакиадасының жеңімпазы атанды.
2024 жылы Ислам Евлоев 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. 2025 жылы Ислам ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді.
2026 жылы ол ересектер арасындағы Азия чемпионатында қола, ал 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар «Zagreb Open» халықаралық турнирінде күміс медаль алып, Қазақстан Республикасының 23 жасқа дейінгі чемпионатында жеңімпаз атанды.
Бүгін чемпионды Петропавл теміржол вокзалының перронында салтанатты түрде қарсы алды. Спортшыны құттықтауға туған-туыстары, достары, жаттықтырушылары, спорт қауымдастығы өкілдері мен жанкүйерлер жиналды. Қарсы алу рәсімі жылы атмосферада өтіп, қол шапалақ, гүлдер мен жылы лебіздерге толы болды.
Ислам Евлоев өзіне көрсетілген құрмет пен қолдауға алғысын білдіріп, алда оны Венгрия мен Дортмундтағы халықаралық турнирлер күтіп тұрғанын, негізгі мақсаттары — әлем чемпионаты мен Азия ойындарында табысты өнер көрсету екенін атап өтті.
Спортшы жас буынға да үн қатып, тәртіп пен білімге көбірек көңіл бөлуге шақырды.
«Күрес — асыл спорт түрі. Жастарға алаңдататын дүниелерге берілмей, спорт пен білімге ден қоюды тілеймін», — деді чемпион.