Өңір басшысы СҚО-ның Аққайың ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен аумақтың даму мәселелерін талқылады
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Аққайың ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың барысы және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты. Сондай-ақ, аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Сапар барысында облыс әкімі «Крафт Агро» ЖШС-інде болып, көктемгі егіс науқанының барысын бағалады. Кәсіпорын мен аудан аграрийлерінің мәліметінше, далалық жұмыстардың шамамен 80 пайызы орындалған. Бұл көрсеткіш аграрлық секторға көрсетілетін мемлекеттік қолдау мен шаруалардың жүйелі еңбегінің нәтижесі екені айтылды.

Өңірді дамытуда жеке бизнестің үлесіне де ерекше назар аударылды. 2026 жылы ауданның әлеуметтік бастамаларына шамамен 1,1 млрд теңге бағытталған. Соның ішінде маңызды жобалардың бірі – Тоқушы ауылында өрт сөндіру бекетінің құрылысы. Аталған нысанға «Крафт Агро» ЖШС 200 млн теңге инвестиция салған. Жоба бірнеше елді мекеннің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі сондай-ақ «Икеа Тасс Групп» ЖШС-нің құрамажем өндіру зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы бір ауысымда 300 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта компания өнімді сақтау және жөнелтуге арналған терминал салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды.

Денсаулық сақтау саласында аудандық емхананың материалдық-техникалық базасының жаңартылуы қаралды. Соңғы кезеңде жедел жәрдем көлігі жаңартылып, биыл тағы екі арнайы автокөлік алынған. Сонымен қатар, Қамышлово ауылында медициналық пункт пен қызметтік тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Сапар барысында «Астраханка – Смирново – Қиялы – Тайынша – Алексеевка» автожолының күрделі жөндеу жұмыстары да тексерілді. Биыл аталған бағытта 26,8 шақырым жол жөнделеді, оның 16,8 шақырымы қазір белсенді кезеңде.

Жұмыс сапары Аққайың аудан тұрғындарымен өткен кездесумен қорытындыланды. Ашық диалог форматында инфрақұрылым, әлеуметтік сала және ауылдарды дамыту мәселелері талқыланды. Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық ұсыныстар мен мәселелер тиісті мемлекеттік органдардың бақылауына алынды.