Петропавлда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті
Бөлісу
Қалалық әкімдік ғимаратының алдындағы алаңда ұйымдастырылған мерекелік жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, білім саласының мамандары, құқық қорғау қызметкерлері, әскери қызметшілер, жастар мен өңір тұрғындары қатысты, деп хабарлайды SKO24.kz.

Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, оның орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, білім беру ұйымдарының өкілдері, полиция қызметкерлері, әскери қызметкерлер, қоғам белсенділері және облыс тұрғындары қатысты.

Салтанатты бағдарламаның негізгі бөлігі — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру рәсімі болды. Бұл рәсім елдің тәуелсіздігіне, мемлекеттілігіне және ұлттық құндылықтарына деген құрметтің белгісі саналады.
Шара барысында мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар мен заңнаманы жетілдіру жұмыстары мемлекеттік рәміздердің мәртебесін нығайтуға, оларды пайдалану талаптарын күшейтуге және белгіленген тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.
Сондай-ақ заңнаманы жаңарту мемлекеттік рәміздердің азаматтық бірегейлік, қоғамдық келісім және патриоттық тәрбиенің негізі ретіндегі рөлін одан әрі күшейтуге мүмкіндік беретіні айтылды. Мемлекеттік Туға, Елтаңбаға және Әнұранға құрметпен қарау азаматтық жауапкершілік пен өз еліне деген құрметтің маңызды көрінісі ретінде бағаланды.
Іс-шара аясында білім беру саласының қызметкерлері өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және саланы дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды.

Бағдарламада халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап жүрген өңір спортшыларына да ерекше орын берілді. Олар өз жетістіктерімен еліміздің абыройын асқақтатып, халықаралық ареналарда Мемлекеттік Туды көтеріп келеді.

Іс-шара қатысушыларының бірі — спортшы Мұрзаш Әділет.
«Қазақстанның барлық азаматтарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын. Спортшы ретінде халықаралық жарыстарда Мемлекеттік Туды көтеру мен үшін зор мәртебе. Әнұран шырқалып, көк Ту желбіреген сәт әрдайым мақтаныш пен ел алдындағы жауапкершілік сезімін ұялатады», — деді спортшы.
Іс-шара ел бірлігі мен мемлекеттік құндылықтарға құрмет рухында аяқталып, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, азаматтық жауапкершілікті нығайту және тәуелсіз Қазақстанды одан әрі дамыту маңыздылығы атап өтілді.
Бөлісу