СҚО әкімі 2026 жылды Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапарымен бастады
2026 жылдың алғашқы жұмыс күнін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапарынан бастады, деп хабарлайды SKO24.kz.
Өңір басшысы ең шалғай елді мекендердің бірі – Чистополь ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесті және әлеуметтік әрі инженерлік инфрақұрылымның жай-күйімен танысты.
Халықпен кездесу барысында ең өзекті әрі күрделі мәселелер көтерілді. Негізгі өтініштер автомобиль жолдарының сапасына, елді мекендерді абаттандыруға, әлеуметтік және қаржылық қызметтердің қолжетімділігіне, сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға қатысты болды. Аталған мәселелердің көпшілігі жылдар бойы қордаланып келгені және оларды шешу үшін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жүйелі тәсіл қажет екені атап өтілді.
Соңғы жылдары ауданда даму қаржыландыруы айтарлықтай артты. Атап айтқанда, жол салу мен жөндеуді қамтитын ауданның даму бюджеті екі жыл ішінде екі есеге жуық өсіп, 20 млрд теңгеден 41 млрд теңгеге жетті. Чистополь ауылдық округінің бюджеті де едәуір ұлғайып, соңғы үш жылда 449 млн теңгені құрады. Бұл қаражат әлеуметтік нысандарды жөндеуге және аумақты абаттандыру жобаларын іске асыруға мүмкіндік берді.
Жұмыс сапары барысында жол желісінің жағдайына ерекше назар аударылды. Соңғы екі жылда республикалық маңызы бар «Петропавл – Жезқазған» автожолының Новоишимское ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейінгі бөлігінде 120 шақырымнан астам жолға орташа жөндеу жүргізілді, сондай-ақ Шал ақын ауданына бағытталған 14 шақырым жол жөнделді. Биыл республикалық маңызы бар «Рузаевка – Ақмола облысы» автожолын күрделі жөндеуді бастау жоспарланып отыр. Жоба үш жылға есептелген. Мемлекеттік сараптаманы 1 шілдеге дейін аяқтау көзделіп отыр, содан кейін жұмыстардың нақты құны бекітіледі. Мамандардың алдын ала бағалауы бойынша, жобаның болжамды құны шамамен 30 млрд теңгені құрайды. Чистополь ауылында ішкі көшелер мен тротуарларды жөндеуге дайындық жүргізілуде: шамамен 4 шақырым жолды асфальттау және тағы 7 шақырымын қиыршықтаспен жабу жоспарланған.
Сапар барысында абаттандыру және экология мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. 2025 жылы округте ауылдық қоқыс полигонында бурттау жұмыстары жүргізілді. 2026 жылы аумақты қоршау, бағандар мен қоршау орнату жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Бұл қалдықтарды басқаруды реттеп, санитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік салада да бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Чистополь орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Биыл спорт залын жөндеу, оны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ арнайы автокөлік сатып алу жоспарланып отыр. Қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2026 жылдың қаңтар айында округте банкомат орнату көзделген. Бұл тұрғындарға аудан орталығына бармай-ақ қажетті қызметтерді алуға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Тахтаброд ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен мәдениет үйіне барды. Мәдениет үйінде биыл күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, бұл мәдени және қоғамдық іс-шараларды өткізуге қолайлы жағдай жасайды.
Сапар қорытындысында ауылдағы өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатыны атап өтілді. Аумақтардың тұрақты дамуы үшін жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлердің белсенді қатысуы маңызды. Аудан басшылығына бизнес өкілдерімен өзара тиімді ынтымақтастық орнату бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Жеке секторды ауылдарды жаңғырту және дамыту үдерістеріне тарту, жұмыс орындарын құру және ауылдардың экономикалық негізін нығайту қажеттігі атап өтілді.