Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешеніндегі ірі әрі бірегей жобалардың бірі – «Eco Glade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің саңырауқұлақ фермасы табысты іске қосылды. Кәсіпорынның жұмысымен Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода арнайы барып танысты, деп хабарлайды SKO24.kz.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 11,3 млрд теңгені құрайды. Өткен жылдың соңында пайдалануға берілген кәсіпорын агарикус тектес саңырауқұлақтар мен компост өндіруге маманданған. Ферма жылына 2 400 тонна саңырауқұлақ және 4 000 тонна компост өндіруге қауқарлы. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, қайта өңдеу саласының дамуына да серпін бермек.
Депутаттар өндірістік процестермен, заманауи технологиялармен, саңырауқұлақ өсіру және сақтау жағдайларымен танысып, жобаның жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Инвестицияның шамамен 50 пайызы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «СҚО тәжірибесі» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік қолдау құралдары арқылы қамтамасыз етілген. Бұл – мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді серіктестіктің нақты көрінісі.
Ферма іске қосылғаннан кейін өңірде 65 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға оң әсерін тигізіп отыр.
Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода жобаның маңыздылығына тоқталып:
«Миллиардтаған инвестиция, жаңа технологиялар мен тұрақты жұмыс орындары – өңірдің дамуына тың серпін береді. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұрақты экономиканың негізі – отандық бизнесті қолдау және қайта өңдеу саласына инвестиция тарту», – деді.
Ол сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық өсім ең алдымен азаматтардың өмір сапасының жақсаруына және нақты табысының артуына қызмет етуі тиіс екенін бірнеше мәрте атап өткенін еске салды.
Айта кетейік, «Eco Glade» ЖШС арнайы экономикалық аймақтың артықшылықтарын пайдалана отырып іске асырылуда. Бұл өндірістің қарқынды дамуына, шығындарды оңтайландыруға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді. Осындай жобалар Солтүстік Қазақстан облысының жоғары технологиялы әрі экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға әлеуеті зор өңір екенін дәлелдейді.