Неміс голштиндері СҚО-ға жеткізілді: өңір сүт нарығындағы көшбасшылығын нығайтуда
Солтүстік Қазақстан облысының Ғ. Мүсірепов атындағы ауданындағы жаңа сүт-тауар фермасында таң символдық оқиғамен басталды: 1 200 басқа арналған нысанға Германиядан голштин тұқымды асыл тұқымды қашарлардың алғашқы партиясы - 165 бас жеткізілді. Бұл жай ғана табынды толықтыру емес: малмен бірге толыққанды өндірістік тізбек те іске қосылып отыр, деп хабарлайды SKO24.kz.
«Буденное-СК» ЖШС-нің сүт-тауар фермасының құрылысы СҚО-ның елдегі жетекші сүт өңірі мәртебесін нығайтудағы қадамдардың бірі болды. Жоба 2023 жылғы мамырда басталып, 2025 жылғы тамызда аяқталды. Кешен жоғары технологиялы ретінде сипатталады: табынды басқарудың автоматтандырылған жүйелері, негізгі үдерістерді цифрлық бақылау, жануарлар денсаулығы мен өнім сапасын мониторингтеу енгізілген. Өндірістік инфрақұрылым алдын ала дайындалды - жемшөп базасы қалыптастырылды, кадрлар іріктелді, жабдықтар орнатылды. Кешен басшысының айтуынша, нысанды іске қосуға арналған «кіру билеті» 10 млрд теңгеге түскен. Айта кетерлігі, голштиндер келмей тұрып-ақ қайта өңдеу кәсіпорындары ЖШС-пен әріптестікке қызығушылық танытқан.

«Бұл бастамаға өте қуаныштымыз. Кешенде сиырлар мен жас малға бәрі дайын, жас малға арналған құрамажем зауыты бар, штат жасақталды. Алғашқы партия - өзім айтқандай 165 бас. Сәуірге дейін 660 басқа жетеді. Жазға қарай 1 000 басқа толықтырамыз. Сиырлар төлдеуі наурызда басталады. Одан әрі айына 50 бастан кезең-кезеңімен көбейеді. Бұл тұқым бәріне белгілі, бүкіл әлем сонымен жұмыс істейді. Бұл тұқымнан артық сүт беретін тұқым жоқ. Сүт бағытындағы барлық рекордтар - дәл голштиндер. Бәрі ұжымның жұмысына байланысты, бірақ Қазақстанның өзінде тәулігіне 40 литрге дейін береді. Бұл бір ғана сиыр емес, кешендегі жалпы мал басына шаққанда», - дейді сүт-тауар кешенінің басшысы Олег Колодько.

Малды Германиядан Қазақстанға жеткізу оңай шаруа болмаған. Голштин тұқымды қашарлар алдымен Бельгияға жетіп, кейін Қазақстанға ұшып келген. Оларды Қарағандыда қарсы алып, әрі қарай СҚО-ға жөнелткен.
«Бұл шаруашылыққа алғашқы жеткізіліміміз, бірақ соңғысы болмайды деп үміттенеміз. Келесі жеткізілімдерге келісімшарттар жасалған. Бұл тұқым - нағыз сүт машинасы. Кім сүт өндіргісі келсе, голштинді алады - ол әлемде бірінші орында. Жалпы Қазақстанмен бұрыннан жұмыс істейміз. Қазақстанда сүт өндірісін дамыту бағдарламасына қатысуға қуана келісеміз. Перспектива бар екенін көріп отырмыз, сондықтан барлық жобаларды қолдауға дайынбыз», - дейді GMBX «Masterrind» (Германия) компаниясының экспорт менеджері Юлия Вейбер.
Шаруашылықта жобаның бірден бірнеше міндетті шешетіні атап өтіледі: жұмыс орындарын құру, ауыл экономикасын дамыту, қайта өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз ету және азық-түлік қауіпсіздігі. 2026 жылы Германиядан 660 бас асыл тұқымды қашарды кезең-кезеңімен әкелу жоспарланған, сондай-ақ Даниядан 330 бас жеткізу күтіледі.
«Президент ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігінен субсидия алдық. Сонымен қатар облыс тарапынан ӘКК арқылы 3,5 млрд теңге бөлінді. Тағы 1 млрд теңге құрылысқа бағытталды. Мал басына келсек: ақпанда 660 басты әкелуді жоспарлап отырмыз. Сәуір-мамыр айларында Даниядан тағы 330 бас күтеміз. Жемшөп дайын - малға арналған шөп әзірленген. Қазір фермада 25 адам жұмыс істейді, алда тағы 75 қызметкерді қабылдау жоспарлануда. Біз үшін бұл ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі. Жер қоры - 20 мың гектардан астам, барлық жұмыстар жүріп жатыр, техника жаңартылуда, жаңа машиналар мен жабдықтар бар», - дейді «Буденное-СК» ЖШС өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Мақсұм Дүселеков.
Өңірдегі саланың дамуы жүйелі қолдау шараларымен бекітілуде. «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату» бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары АӨК-ті дамытуға 23 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражат жалпы мал басы 14 мың бас болатын және жылына 73 мың тонна сүт өндіру қуатына ие 23 инвестициялық жобаны іске асыруға мүмкіндік берді. «Буденное-СК» кешенінің жобалық қуаты - жылына 10 мың тонна сүт.
Бүгінде СҚО-да сүт өндірумен 118-ден астам агроқұрылым айналысады, оның ішінде 50 заманауи сүт кешені бар. Өңірде жаңа фермалар 600 бастан жоғары мал басымен құрылып, өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік беріп отыр.