Басты бет СҚО жаналықтары СҚО тұрғыны инвестицияға сеніп, алаяқтарға 3,5 миллион теңге аударған

СҚО тұрғыны инвестицияға сеніп, алаяқтарға 3,5 миллион теңге аударған

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 54
cover

Фото ИИ: Grok

Солтүстік Қазақстан облысының бір ауданында полиция қызметкерлері алаяқтық схемаға қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша шаралар жүргізіп жатыр. Аталған қылмыстың салдарынан жергілікті тұрғын алаяқтарға шамамен 3,5 миллион теңге аударған, деп хабарлайды SKO24.kz СҚО Полиция департаментінің мәліметіне сілтеме жасап.

Тексеру жұмыстарын бастауға жәбірленушінің құқық қорғау органдарына жолдаған арызы негіз болған.

Материалдарға сәйкес, ауыл тұрғыны тез әрі жоғары табыс уәде етілген жалған инвестицияларға сенген. Оның айтуынша, Instagram әлеуметтік желісінде Қазақстандағы ірі компаниялардың бірінің атынан жасалғандай көрінетін жарнамалық хабарландыруды көрген. Жарнамада мемлекеттік бағдарлама аясында азаматтарға инвестициялық төлемдер арқылы ресми табыс табу мүмкіндігі ұсынылатыны көрсетілген.

Жарнамада орналастырылған сілтеме арқылы өткен ер адам WhatsApp мессенджерінде белгісіз тұлғалармен байланысқа шыққан. Олар оған «бағдарламаға қатысу» шарттарын түсіндіріп, инвестициялық жарна енгізу қажеттігін хабарлаған. Алынған нұсқауларды орындаған жәбірленуші несие рәсімдеп, ақшалай қаражатты кезең-кезеңімен бірнеше банк картасына аударған. Карталардың деректемелерін өздерін менеджер ретінде таныстырған адамдар берген. Ақша аударылғаннан кейін олар байланысқа шықпай қойған. Осыдан кейін ер адам алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері аударылған қаражат түскен банк шоттарының иелері - дропперлерді анықтауда. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Полиция департаменті облыс тұрғындарын интернеттегі «жеңіл табыс» туралы ұсыныстарға ерекше сақтықпен қарауға шақырады. Құқық қорғау органдары жарнамада танымал адамдардың бейнероликтері қолданылған күннің өзінде, оның шынайылығына кепілдік берілмейтінін ескертеді. Мұндай материалдар алаяқтар тарапынан жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жиі жасалуда.

Мамандар инвестиция салу үшін тек тексерілген әрі ресми ресурстарды пайдалануға, сондай-ақ алаяқтардың түпнұсқадан айнымайтын сайттар мен интернет-парақшалар жасай алатынын естен шығармауға кеңес береді. Осыған байланысты азаматтарға әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді сілтемелерге өтпеуге және инвестициялық бағдарламаларға қатысу сылтауымен белгісіз адамдарға ақша аудармауға шақырады.

Бөлісу