Kozybayev University ректоры Ербол Исакаев Ұлттық құрылтайдың маңызын атап өтті
Бөлісу
Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, Қазақстанның стратегиялық даму бағыттарын мазмұнды әрі жүйелі талқылауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Солтүстік Қазақстан университеті – Kozybayev University ректоры Ербол Исакаевтың айтуынша, Құрылтай форматы қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді диалог алаңы ретінде өз маңызын тағы бір рет дәлелдеді. Бұл алаңда азаматтық қоғамның пікірі ескеріліп қана қоймай, нақты басқарушылық шешімдерде көрініс табуда.
Бүгінде Ұлттық құрылтай тек кеңесші сипаттағы пікірталас алаңы емес, қоғамдық бастамаларды жинақтап, оларды сараптамалық тұрғыда талқылайтын және мемлекеттік саясаттың басымдықтарымен үйлестіретін нақты жұмыс істейтін тетікке айналды. Алдыңғы отырыстарда айтылған көптеген ұсыныстардың заңнамалық өзгерістерде, мемлекеттік бағдарламаларда және нақты іс-шараларда жүзеге асуы азаматтардың билікке деген сенімін арттырып, басқару жүйесінің ашықтығын күшейтті.
Бесінші отырыста экономика мен өңірлік даму, ішкі және сыртқы саясат, әлеуметтік сала, идеология, қоғамдық құндылықтар, тарихи жады мен ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері кеңінен қамтылды. Мұндай кешенді тәсіл жаһандық тұрақсыздық пен жылдам өзгерістер жағдайында ерекше өзекті болып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде білім беру, ғылым және кадр даярлау мәселелеріне айрықша назар аударды. Ербол Исакаев Мемлекет басшысының қазіргі заман талаптарына сай дәстүрлі тәсілдерді қайта қарау қажеттігін орынды көтергенін атап өтті.
Цифрландыру мен жасанды интеллект қоғам өмірінің барлық саласына еніп, жаңа шындықты қалыптастыруда. Осыған байланысты Қазақстанда цифрлық құзыреттер мен жасанды интеллект технологияларын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің үйлестіруімен және AI-Sana бастамасы аясында іске асуда.
Kozybayev University үшін бұл бағыт нақты практикалық мазмұнға ие. Университетте Жасанды интеллект орталығы ашылып, Tomorrow School цифрлық зертханасын іске қосу жоспарланған. Аталған құрылымдар білім беру үдерісімен қатар, қолданбалы зерттеулерге, технологиялық шешімдерді әзірлеуге және экономиканың нақты секторымен ынтымақтастыққа бағытталған. Әсіресе Солтүстік Қазақстан өңірі үшін маңызды саналатын аграрлық саланы цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Ауыл шаруашылығында деректерді талдау, жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды қолдану өндіріс тиімділігін арттырып, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Құрылтай барысында идеологиялық және мәдени мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Балалар Қазақстаны» бастамалары, қоғамдық этика, әділеттілік, қауіпсіздік және еңбекке құрмет сынды құндылықтар қоғамның тұрақты дамуына негіз бола алады.
Президент шынайы патриотизмнің күнделікті жауапкершілікте, адал еңбекте және қоғамға пайда келтіруде көрінетінін атап өтті. Бұл ұстаным білім мен кәсібилікке, жеке үлгіге негізделген университеттік ортаға ерекше жақын.
Ербол Исакаевтың айтуынша, Kozybayev University алдағы уақытта да елдің орнықты дамуына бағытталған бастамаларды қолдап, білім мен ғылымды дамытуға, Қазақстанның болашағы үшін жауапкершілік ала алатын білікті әрі саналы азаматтарды даярлауға өз үлесін қоса береді.
Бөлісу