Қысы ұзақ әрі қаһарлы Солтүстік Қазақстан өңірінде жылыту маусымының тұрақты өтуі - жай ғана техникалық мәселе емес, мыңдаған тұрғынның күнделікті тұрмысы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік міндет. Биылғы қыс та өз мінезін ерте көрсетіп, өңірді қалың қар мен қақаған аяз құрсауына алды. Осындай күрделі кезеңде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мәселесі облыс басшылығының ерекше бақылауында, деп хабарлайды SKO24.kz.

Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласындағы негізгі стратегиялық нысандардың бірі — Петропавл жылу электр орталығы-2-ге арнайы барып, жылыту маусымының барысын және нысанның техникалық жағдайын тексерді.

Петропавл ЖЭО-2 — облыс орталығын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ететін басты кәсіпорын. Бүгінгі таңда станцияда 10 қазандық агрегат пен 7 турбоагрегат үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қаладағы жылыту маусымы үш түтін мұржасы арқылы жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, барлық жылу көздері штаттық режимде қызмет атқарып, жылумен қамту көрсеткіштері бекітілген нормативтерге толық сәйкес келеді.

Нысанды аралау барысында өңір басшысы өндірістік жабдықтардың жай-күйіне, технологиялық процестердің тұрақтылығына және апатты жағдайлардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларға ерекше назар аударды. Әсіресе, қыс мезгілінде жабдықтардың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуі басты талаптардың бірі екені атап өтілді.
Аймақ басшысы жылыту маусымына дайындық тек бір нысанмен шектелмейтінін, бұл — бүкіл өңірді қамтитын ауқымды жүйелі жұмыс екенін атап өтті.
«2025 жылы облыс бойынша 12,6 шақырым жылу желісі, 1 520 шақырым электр желісі және 227 электр қосалқы станциясы қайта жаңғыртылды. Бұл жұмыстар инженерлік инфрақұрылымның тозуын азайтып, жүйенің сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жылыту маусымы тұрақты өтіп жатыр», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жалпы облыс көлемінде бүгінгі күні 484 қазандық жұмыс істеп тұр. Қысқы кезеңге дайындық аясында 562 мың тонна көмір қоры алдын ала дайындалған. Бұл қорлар ауа райының күрт суытуы кезінде де жылу көздерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Солтүстік өңір үшін қыс — әрдайым үлкен сынақ. Қақаған аяз бен боранды күндерде әрбір үйде жылудың болуы, ауруханалар, мектептер мен балабақшалардың қалыпты жұмыс істеуі — аса маңызды. Осыған байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге дайын.
Өңір басшысы жауапты мекемелерге жылыту маусымын соңына дейін тұрақты өткізу, тұрғындардан келіп түсетін өтініштер мен шағымдарға жедел жауап беру, сондай-ақ инженерлік желілердің жағдайын үнемі бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.