Басты бет Петропавл жаңалықтары Петропавлда 2026 жылғы алғашқы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Петропавлда 2026 жылғы алғашқы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

by Камилла Кәрім

views 46
cover

Петропавл қаласында 27 қаңтар күні Ғабит Мүсірепов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының базасында түрлі экономика салаларындағы жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді біріктірген бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Аталған іс-шара 2026 жылғы алғашқы жәрмеңке болып, алдағы уақытта тұрақты түрде ай сайын өткізілетін бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің бастамасы болды.

Жәрмеңкеге өнеркәсіп, көлік, мемлекеттік сектор және бизнес салаларын қамтыған 15-тен астам жұмыс беруші қатысты. Қатысушыларға тұрақты жұмыс орындарына арналған 450-ден астам бос вакансия ұсынылды. Ұсынылған лауазымдар бойынша жалақы мөлшері мамандыққа, біліктілікке және еңбек өтіліне байланысты 120 мыңнан 300 мың теңгеге дейін өзгеріп отырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Петропавл қаласының еңбек нарығында жұмысшы және техникалық мамандықтарға сұраныс әлі де жоғары. Кәсіпорындар слесарьларға, газ-электр дәнекерлеушілерге, токарьларға, жабдықтарды баптаушыларға, құрылысшыларға, жүргізушілер мен механиктерге мұқтаж. Сонымен қатар гуманитарлық және экономикалық бағыттағы мамандарға — заңгерлерге, бухгалтерлерге және менеджерлерге деген қажеттілік те сақталуда.

«ПетроМашЗавод» ЖШС кадрлар жөніндегі инспекторы Людмила Година кәсіпорынның мұндай іс-шараларға тұрақты түрде қатысып тұратынын атап өтті, себебі тікелей қарым-қатынас форматы лайықты үміткерлерді жедел іріктеуге мүмкіндік береді.

«Зауыт мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жинақтаушы бөлшектерді өндіруге маманданған. Қазіргі уақытта бізде негізінен жұмысшы мамандықтары бойынша бос орындар бар — дәнекерлеушілер, слесарьлар және токарьлар қажет. Біз колледждермен тығыз байланыста жұмыс істейміз, жастар практикадан өтіп, кейін тұрақты жұмысқа орналасады. Әдетте төртінші-бесінші разрядтағы мамандар талап етіледі. Осындай жәрмеңкелерге қатысу үміткерлермен барлық мәселені бірден талқылап, ортақ шешім қабылдауға мүмкіндік береді», — деді ол.

Жәрмеңкеге қаланың 400-ден астам жұмыссыз тұрғыны шақырылды. Іс-шара аясында жастарға ерекше назар аударылды. Колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері «Жастар практикасы» бағдарламасы туралы ақпарат алып, алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндік алды.

Петропавл қалалық мансап орталығының бөлім басшысы Татьяна Адилова мұндай іс-шаралардың нақты нәтиже беретінін атап өтті.

«Бүгін біз биылғы алғашқы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп отырмыз. Алдағы уақытта мұндай іс-шаралар ай сайын ұйымдастырылады. Қазіргі таңда жәрмеңкеге 15-тен астам жұмыс беруші қатысып, шамамен 400 өзекті бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Өткен жылы өткізілген жәрмеңкелердің нәтижесінде 400-ден астам адам жұмысқа орналасты», — деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта мансап орталығында 1300-ден астам адам есепте тұр, ал қала бойынша бос жұмыс орындарының саны 850-ден асады. Ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында газ-электр дәнекерлеушілер, дәнекерлеушілер мен токарьлар бар, сонымен қатар заңгерлер мен бухгалтерлерге де тұрақты сұраныс байқалады.

Жәрмеңке барысында мобильді мансап орталығы жұмыс істеп, мамандар азаматтарға жұмысқа орналасу және кәсіби даму мәселелері бойынша жеке кеңестер берді. Қатысушыларға «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орындары» сияқты субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламаларының шарттары түсіндірілді.

Сонымен қатар келушілер кәсіби оқыту мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Жұмыссыз азаматтар жұмыс берушінің базасында немесе білім беру ұйымдарында тегін оқудан өтіп, стипендия немесе жалақы алу мүмкіндігіне ие. Өткен жылы бұл бағдарламалар бойынша 60 адам оқудан өткен.

Жәрмеңке жұмысына Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар және Мамлют аудандары әкімдіктерінің өкілдері де қатысты. Олар мемлекеттік қызмет саласындағы, соның ішінде бухгалтерлер мен заңгерлерге арналған бос жұмыс орындарын ұсынды. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, еңбек жолын енді бастаған заңгердің жалақысы шамамен 200 мың теңгені құраса, тәжірибелі мамандар 260 мың теңгеге дейін табыс таба алады.

Офлайн форматтан бөлек, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Enbek.kz платформасында да қолжетімді. Онда өзекті вакансиялар жарияланып, онлайн-жәрмеңкелерге қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Іс-шара қорытындысы бойынша барлық мүдделі азаматтар Петропавл қаласының мансап орталығына жүгініп, ұлттық жұмыспен қамту порталының сервистерін пайдалана алады.