4–5 шілде аралығында Астанада Солтүстік Қазақстан облысының тарихы мен креативті әлеуетіне арналған «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесі өтеді
Бөлісу
Фото ИИ: ChatGPT
4–5 шілде аралығында Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының North Kazakhstan Heritage Weekend креативті жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Іс-шара барысында елорда тұрғындары мен қонақтары өңірдің тарихи мұрасымен, заманауи шығармашылығымен және технологиялық әлеуетімен танысуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды SKO24.kz.
Жәрмеңкенің басты оқиғасы – өңірдің тарихын, мәдениетін, креативті индустрияларын және заманауи технологияларын бір кеңістікте тоғыстыратын «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесі. Археологтардың деректеріне сәйкес, дәл Солтүстік Қазақстан аумағында адамзат өркениетінің маңызды жетістіктерінің бірі – жылқы алғаш рет қолға үйретілген Ботай мәдениеті қалыптасқан.
Көрме үш тақырыптық аймақтан тұрады.
Бірінші аймақ тарихи-мәдени мұраға арналған. Мұнда келушілер Ботай мәдениетімен, археологиялық жаңалықтармен, қазақ халқының салт-дәстүрімен, сәндік-қолданбалы өнерімен және Абылай ханның тарихи мұрасымен таныса алады. Бағдарламада QR-кодтар арқылы танысуға болатын интерактивті Ботай көрмесі, «Абылай хан резиденциясы» театрландырылған қойылымы, көркемсурет симпозиумында салынған картиналар көрмесі, қыш шеберханасы, дәстүрлі қазақ кілем тоқу өнерінің көрсетілімі, сондай-ақ авторлық керамика мен халық шеберлерінің туындыларының көрме-жәрмеңкесі ұсынылады.
Екінші аймақта өңірдің креативті экономикасы таныстырылады. Мұнда Солтүстік Қазақстан облысының үздік өңірлік брендтері, заманауи этностильдегі дизайнерлік киімдер, авторлық әшекейлер, кәдесый өнімдері, қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылады. Келушілерді этно-дефиле, жергілікті өндірушілердің көрме-жәрмеңкесі, музыкалық бағдарлама және шеберлік сабақтары күтеді.
Үшінші аймақ заманауи технологияларға арналады. «Цифрлық киіз үй» интерактивті алаңында жасанды интеллект, робототехника, VR/AR, GameDev, 3D-баспа және цифрлық шығармашылық бағытындағы жобалар ұсынылады. Сонымен қатар SKO Hub ұйымдастыратын интерактивті квест, дрондардың көрсетілімі және заманауи технологиялық әзірлемелердің таныстырылымы өтеді.
Жеке алаңда Солтүстік Қазақстан облысының авторлары түсірген деректі, анимациялық және қысқаметражды фильмдер көрсетіліп, жас режиссерлер мен аниматорлардың жобалары таныстырылады.
Іс-шара аясында көрменің салтанатты ашылуы, жоба тұжырымдамасының таныстырылымы, өңір дизайнерлерінің киім топтамаларының көрсетілімі, қыш өнері, киіз басу, ағаш өңдеу, ұсталық өнер және дәстүрлі тоқымашылық бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Екі күндік бағдарлама этноконцертпен, жанды музыкамен және өңірлік брендтер мен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесімен қорытындыланады.
Creative Aimaq – Қазақстан өңірлеріндегі креативті индустрияларды дамытуға, отандық брендтерді қолдауға, шығармашылық кәсіпкерлікті ілгерілетуге және еліміздің мәдени әрі креативті әлеуетін танытатын бірыңғай алаң қалыптастыруға бағытталған республикалық жоба.
#QazaqCreative #SoltustikCreative.
Бөлісу