Петропавл қаласында Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің базасында 8–9-сынып оқушыларына арналған «Заң – баршаға ортақ» атты конференция өтті. Іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Конференцияны Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Әдістемелік орталық» КММ ұйымдастырды. Шараға шамамен 50-ге жуық оқушы қатысты. Оның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметпен қарауды арттыру және әр адамның өз іс-әрекеті үшін жауапкершілігін түсіндіру.

Өңірде жасөспірімдерді құқықтық тәрбиелеу бағытындағы маңызды бастамалардың бірі – «Жас сақшы» мамандандырылған полиция сыныптары. Бұл сыныптарда оқушылар полиция департаменті қызметкерлерінің қатысуымен құқық негіздерін, криминалистика элементтерін, бастапқы тактикалық және дене дайындығын меңгереді. Оқу үдерісі ерте кәсіби бағдар беруге және Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына түсуге дайындыққа бағытталған.

Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің «Жас сақшы» сыныбында оқитын 8-сынып оқушысы, сынып командирі Алихан Ақылбай сабақтардың жүйелі әрі практикалық форматта өтетінін айтты. Оның айтуынша, оқушылар апта сайын полиция қызметкерлерімен кездесіп, ішкі істер органдарының қызметімен және тарихымен танысады, сондай-ақ өзін-өзі қорғау мен алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын үйренеді.

Ол «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында азаматтың өз елінің заңдарын білуі және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар Алихан болашақта полиция қызметін таңдауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Конференция барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Петропавл қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Елена Завьялова соңғы жылдары қаралатын материалдар саны артқанын айтты. Оның мәліметінше, 2025 жылы құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 60 пайызға өскен.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіш құқық қорғау органдары жұмысының күшеюімен қатар, құқық бұзушылықтар санының нақты артуымен де байланысты. Ол қиын өмірлік жағдайларға тап болған жағдайда – буллинг, бопсалау немесе қылмыстық топтарға тарту қаупі туындаса – жасөспірімдердің жалғыз қалмауы керектігін атап өтті. Мұндай кезде полицияға, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға, қорғаншылық органдарына немесе психологиялық көмек орталықтарына жүгіну маңызды.
Ювеналды полицияның қызметі туралы Петропавл қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Анастасия Свиридова баяндады. Ол мұндай профилактикалық кездесулердің мектептерде тұрақты түрде өткізілетінін айтты.
Инспектор жасөспірімдердің өз құқықтары мен міндеттерін білуі, қоғамдық тәртіп нормаларын түсінуі және қандай жағдайларда құқық бұзушылық туралы хабарлау қажеттігін анық білуі маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, ювеналды полиция қызметкерлері мектептерге бекітіліп, дәрістер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Сонымен қатар, конференция аясында Петропавл қаласы прокуратурасының өкілі Гүлнария Дүйсенова сөз сөйлеп, әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік туралы түсіндірді. Ол сондай-ақ оқушыларды прокурор мамандығымен таныстырып, прокуратура органдарында қызмет ету талаптары туралы айтты.
Іс-шараны ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, саналы әрі жауапты азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар «Адал азамат» бірыңғай тәрбиелік бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жалғасады.