Басты бет Петропавл жаңалықтары Петропавлда эмоционалдық дағдарысты бастан өткеріп жатқан жасөспірімдерге арналған қолдау кездесуі өтті

Петропавлда эмоционалдық дағдарысты бастан өткеріп жатқан жасөспірімдерге арналған қолдау кездесуі өтті

by Камилла Кәрім

views 30
cover

Петропавл қаласындағы Психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем алып жатқан жасөспірімдерге арналған мотивациялық кездесу өтті. «Тірі оқиғалар» форматында ұйымдастырылған шара барысында қатысушылармен «шамамыз келмей қалу да – адамдық тәжірибенің бір бөлігі» екені туралы ашық әңгіме өрбіді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Психикалық денсаулық орталығының психосоматика және невроз бөлімшелерінің пациенттері үшін «Шамамыз келмей қалу – адамдық тәжірибенің бір бөлігі» атты кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға бірнеше бөлімшенің пациенттері қатысты. Кездесу «мұғалім – оқушы» форматынсыз, тең дәрежеде, шынайы әрі қолдаушы диалог түрінде өтті.

Кездесудің негізгі идеясы – сезімдерді қабылдау, яғни эмоционалдық абыржу, қорқыныш пен дәрменсіздік сезімдері өмір жолының табиғи бөлігі екенін мойындау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әңгіме «тезірек, биігірек, күштірек» болу туралы емес, керісінше, өзіңді әлсіз сезінсең де алға қарай қадам жасаудың күші жайында болды.

«Тірі оқиғалар» форматында шақырылған қонақтар өмірлеріндегі күрделі кезеңдерді қалай еңсергендерімен бөлісті. Олардың қатарында «СҚО Әйелдер күштері альянсы» ЗТБ төрайымы Светлана Кашенцева, Альянс мүшесі Эльмира Танакулова, «Қызылжар» облыстық телеарнасының директоры, медиаменеджер әрі сертификатталған коуч Разия Ыдырысбаева және «Бірінші гимназия» КММ директоры Татьяна Анцибор болды.

Әрбір оқиға үш негізгі кезеңге құрылды: абыржу сәті, берілмеуге көмектескен шағын қадам және өткендегі өзіне айтар сөз. Қонақтар ақыл-кеңес беріп, өмір үйреткен жоқ – олар тірек жоқтай көрінген сәтте оны қалай іздегендерімен бөлісті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жасөспірімдерге жетістіктер туралы емес, осалдықты мойындау, қорқыныш пен қателіктер жайлы шынайы әңгімелер ерекше әсер етті.

Диалог шамамен екі сағатқа созылды. Негізгі бөлім аяқталғаннан кейін бөлімшенің психологі пациенттермен жұмысын жалғастырды. Қатысушылар қолдау мен ішкі тіректің символы ретінде аффирмациялар жазылған «ресурстық ағаш» жасады.

Кездесу суицидтік мінез-құлықтың алдын алу аясында ұйымдастырылып, эмоционалдық дағдарысты бастан өткеріп жатқан жасөспірімдерді қолдауға бағытталды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай қамқор әрі ашық форматтағы кездесулер психологиялық тұрақтылықты нығайтуға, өзін-өзі қолдау дағдыларын дамытуға және қоғамның психоэмоционалдық әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.