СҚО әкімі Сергеев су торабына жұмыс сапарымен барды: 2025 жылға арналған су тасқынына болжам
Көктемгі су тасқынына дайындық шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Шал ақын ауданындағы Сергеев гидроторабында болды. Аймақ басшысы гидрометеорологиялық жағдай мен алдағы көктемгі маусымға арналған болжам туралы мамандардың есептерін тыңдап, гидротехникалық құрылыстардың дайындық деңгейін тексерді, деп хабарлайды SKO24.kz.

СҚО-дағы су қоймалары «Қазсушар» РМК Солтүстік Қазақстан филиалының балансында. Қазіргі уақытта үш ірі нысан бар – Сергеев, Петропавл және Шарық су тораптары.
«Шарық су торабы 2016 жылдан бері апатты жағдайда, тек транзиттік режимде жұмыс істейді. Оның қайта жөндеу жұмыстары 2028 жылға жоспарланған және жобаның құны шамамен 1,3 млрд теңге», – деді филиал басшысы Шұғайып Ибатуллин.
Сергеев су қоймасы Есіл өзенінің негізгі реттегіші болып саналады және Петропавл су торабымен каскадтық жүйеде жұмыс істейді. Бұл нысандар Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарын, сондай-ақ Ресейдің Түмен облысын сумен қамтамасыз етеді.
2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде Сергеев су торабының төменгі бөлігінде 2 мың м³-тан астам топырақ шайылған, бірақ Петропавл торабына зақым келмеген.
Өткен жылы су тасқынына қарсы шараларға 22,7 млн теңге бөлінді, оның ішінде:
- Сергеев су торабына – 345 м³ тасты материал,
- Петропавл су торабына – 1078 м³ тасты материал.
Сергеев су торабының жағалауын нығайту үшін қосымша 64 млн теңге бөлінді. Жұмыстар екі кезеңмен жүргізілді:
- 1176 м³ тасты төсеу;
- бетон ростверк орнату (60×0,7×2,5 м) және қосымша 1556 м³ тас төгу.
2025 жылы су тасқынына қарсы іс-шараларға 20,3 млн теңге қарастырылған:
- Сергеев торабы – 10 млн тг,
- Петропавл торабы – 10,3 млн тг.
Қаңтар айында Сергеев торабының төменгі бөлігінде түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп, 940 м³ топырақ қоспасы алынды. Жалпы ағымдағы жөндеу жұмыстарына 385 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 14 жоба жоспарланған.
Қазіргі таңда екі су торабы да қанағаттанарлық күйде және штаттық режимде жұмыс істейді.
Көктемгі су тасқыны болжамы
«Қазгидромет» мәліметінше, 2025 жылы облыстағы су тасқыны жағдайы метеорологиялық факторларға тікелей байланысты болады. Қазірдің өзінде өзендер мен көлдердегі су деңгейі өткен жылғыдан 19–89 см жоғары.
Топырақтағы ылғал қоры 100–216 мм, бұл орташа көпжылдық көрсеткіштен екі есе көп. 30 қаңтардағы дерек бойынша қар қабатындағы су қоры 27–96 мм аралығында. Ғабит Мүсірепов пен Уәлиханов аудандарында бұл норма 30–60% жоғары.
Облыста 19 гидрологиялық бекет жұмыс істейді, ал көктемгі тасқын кезінде тағы 3 жаңа бекет ашу жоспарланған. Негізгі қауіп Есіл, Чаглинка, Сілеті, Қамысақты өзендері мен олардың салаларында сақталып отыр.
Алдын ала есеп бойынша, Сергеев су қоймасына көктемгі ағын көлемі 1,7–2,8 млрд м³ болады (нормасы – 1,3 млрд м³). Қазіргі деңгей:
- Сергеев су қоймасы – 724 см
- Петропавл – 277 см (+34 см)
- Долматово – 435 см
- Үлкен Тарангүл – 335 см (+62 см)
«15 ақпаннан бастап қар өлшеу бақылауы әр 5 күн сайын жүргізіледі. Қауіп деңгейі бойынша ең жоғары тәуекел аймақтары – Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандары», – деді «Қазгидромет» СҚО филиалының директоры Қымбат Мерғалимова.