СҚО-да қытайлық инвесторлардың қолдауымен элеватор мен зауыт құрылысы басталады
Фото ИИ: ChatGPT
Солтүстік Қазақстан облысы Қытай Халық Республикасымен экономикалық ынтымақтастықты нығайтып келеді. Жасалған келісімдер нәтижесінде Тайынша ауданында алдағы жылдары ірі өндірістік жобаларды іске асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды SKO24.kz.
Негізгі жобалардың бірі – Үлкен Жүзім ауылында заманауи элеватор салу. Жоба қазақстандық көлік компаниясы мен қытайлық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылады. Сонымен қатар бұл аумақта құрама жем өндіретін зауыт ашу көзделген. Құрылысқа тартылатын инвестиция көлемі шамамен 6 миллиард теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, тағы бір қытайлық өнеркәсіптік компания өңірде осындай жем өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Инвесторлармен өзара іс-қимыл және жобаларды сүйемелдеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Ынтымақтастық машина жасау саласын да қамтиды. Атап айтқанда, астық қоймаларына арналған жабдықтарды өңір аумағында құрастыру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл аграрлық сектор шығындарын азайтып, облыстың өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа өндіріс орындарын тартуда Qyzyljar арнайы экономикалық аймағы маңызды рөл атқарады. Мұнда жоғары қосылған құны бар, заманауи технологияларға негізделген жобаларды жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым қалыптасқан. Тиімді логистика мен дайын өндірістік алаңдардың болуы шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отыр.
Жоспарланған жобалар жүзеге асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін салық көлемі ұлғаяды. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіптік әлеуеті нығайып, өңірдің инвестициялық тартымдылығы арта түспек.