Бүгін Петропавл қаласында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Ашық есік күні өтті. Қала әкімінің қабылдауына тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізу үшін келді. Көтерілген сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй мәселелеріне қатысты болды, деп хабарлайды SKO24.kz.
Наталья Мальцева Байбулов көшесі, 57-үйдегі пәтерде температураның төмендігіне байланысты әкімнен көмек сұрады. Бұл тұрғын үй оған әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй қорынан жалға берілетін коммуналдық баспана ретінде берілген. Өтініш берушінің айтуынша, ол бұрын құрылыс салушыға жазбаша түрде жүгінген. Белгілі бір жұмыстар жүргізілгенімен, айтарлықтай нәтиже болмаған — пәтерде әлі де суық.
«Пәтерде температура өте төмен, шамамен 17 градус. Пәтер бұрышта орналасқан және бесінші қабатта. Мен өз қаражатыма жылу жоғалуын анықтайтын тепловизор маманын шақырдым — құрылғы арқылы суық аймақтардың бар екені байқалды», — деді әйел.
Қала әкімі жауапты тұлғаларға бүгін осы пәтерге барып, мәселенің себебін анықтап, оны жедел түрде жоюды тапсырды. Осындай мәселе бойынша Игорь Дубинец те жүгінді. ПИК төрағасы Пушкин көшесі, 57-үйге жеке жылу торабын орнату мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
«Үйге жапсарлас ғимарат пен кітапхананың акт залы қосылған. Барлығы бір жылу торабына жалғанған. Жылу жеткіліксіз: егер мен кітапханаға көбірек жылу берсем, соңғы подъезд тұрғындары тоңады. Сондықтан жапсарлас ғимарат пен акт залы үшін жеке жылу торабы қажет. Әкім нысанды тексеруді тапсырды, содан кейін тиісті шешім қабылданады», — деді ол.
Тұрғын үй мәселесі Ольга Балашованы да алаңдатты. Ол Копай шағын ауданындағы үйінің бұзылу жоспары туралы ақпарат алу үшін келді. Әкім жауапты мамандарға жағдайды зерделеп, өтініш берушіге нақты жауап беруді тапсырды.

«Қазір мен “СКРЭК жатақханасында уақытша тұрып жатырмын. Жұмыс істесең — баспана бар, жұмыстан шықсаң — баспана да жоқ, ол тек қызметкерлерге арналған. 2027 жылы зейнетке шығамын. Сондықтан үйдің бұзылу жоспары туралы білгім келеді, өйткені қазір Копайдағы үйде тұрмаймын. Ол жақтағы жағдай қауіпті. Көктемде су қайта көтеріледі. Мысалы, 2024 жылы жаз бойы ауланы су басып жатты», — деді әйел.
Петропавлдағы Ашық есік күні тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелерді тікелей қала әкіміне жеткізу мүмкіндігін белсенді пайдаланатынын көрсетті. Серік Мұхамедиев жауапты қызметтерге қажетті тексерулер жүргізіп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды және тұрғындардың өтініштеріне жедел назар аударудың маңыздылығын атап өтті.
