25 ақпан 2026 жылы Петропавл қаласының Жұмысшы кентінде газбаллонды жабдықталған жеңіл автокөлік дүкен маңында өртенді. Жолда келе жатқан жүргізушінің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында өрт ғимаратқа және адамдар тұрған автобус аялдамасына таралмай, ықтимал адам шығыны мен ірі материалдық залалдың алдын алынды, деп хабарлайды SKO24.kz.
Өрт туралы хабар 17:35-те Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекші қызметіне түсті. Оқиға орнына келген құтқарушылар жану көзі автокөліктің мотор бөлігінде болғанын анықтады. Алдын ала болжам бойынша, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан.
Департамент мәліметінше, жану дүкен маңында, көлік тұрақта тұрған кезде басталған. Көлік иесінің қолындағы құралдармен өртті сөндіру әрекеті нәтиже бермеді. Осы кезде кездейсоқ өтіп бара жатқан жүргізуші трос арқылы көлікті сүйреп, оны Панфилов көшесінің жиегіне шығарды. Соның арқасында қауіп оқшауланды. Өрт сөндірушілер келгеннен кейін жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған, оның жеке басы анықталып жатыр.
Құтқарушылар өртті тез арада сөндіріп, дүкен мен аялдаманың қауіпсіздігін қамтамасыз етті және оттың көрші нысандарға таралуына жол бермеді. Төтенше жағдайлар департаменті мұндай жағдайларда азаматтардың дер кезінде әрі батыл әрекет етуі адам өмірі мен мүлікті қорғауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.