Жаңа Конституция жобасын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдумға екі аптадан аз уақыт қалды. 15 наурыз күні Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 365 мың тұрғын өз азаматтық ұстанымын білдіре алады. Өңірде барлығы 581 референдум учаскесі жұмыс істейді, деп хабарлайды SKO24.kz.
СҚО аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Евгений Мамыкиннің айтуынша, егер азамат дауыс беру күні тіркелген жерінде болмаса да, референдумға қатыса алады. Ол үшін есептен шығару куәлігін алу қажет.
«Азамат жеке басын куәландыратын құжатты көрсетіп, өзінің учаскелік комиссиясына жазбаша өтініш бере алады. Осыдан кейін комиссия оған есептен шығару куәлігін береді. Сондай-ақ оны сенімхат болған жағдайда өкілі арқылы да алуға болады. Есептен шығару куәліктері 14 наурыз күні сағат 18:00-ге дейін беріледі, содан кейін оларды беру тоқтатылады», — деді Евгений Мамыкин.
Есептен шығару куәлігі сол бір елді мекеннің шегінде басқа учаскеде дауыс бергісі келетін азаматтарға берілмейді. Куәлік жоғалған жағдайда қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді.
«Денсаулық жағдайына байланысты референдум учаскесіне келе алмайтын азаматтар немесе науқастарға күтім жасайтын адамдар комиссияға өтініш бере алады. Олар үшін дауыс беру үйінде ұйымдастырылады. Мұндай өтініштер 15 наурыз күні сағат 12:00-ге дейін қабылданады. Учаскелік комиссия мүшелері өтініш берушіге тасымалданатын дауыс жәшігімен барады», — деді аумақтық комиссия төрағасының орынбасары.
Евгений Мамыкиннің айтуынша, қазіргі уақытта учаскелердің дайындығы 100% — олар барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Солтүстікқазақстандықтар 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырылады.