Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға Қызылжар, Мамлют, М. Жұмабаев, Жамбыл аудандары мен Петропавл қаласының әкімдері, сондай-ақ жауапты басқарма басшылары қатысты, деп хабарлайды SKO24.kz.

Кеңесте өңірдегі су тасқынына қарсы кешенді дайындық жұмыстары талқыланып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіп-қатердің алдын алу шаралары күшейтілген режимде жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Қызылжар ауданы ерекше бақылауда тұр. Мұнда 7 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Бескөл ауылында ұзындығы 5,9 шақырымды құрайтын бөгетті қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Тепличное елді мекенінде жұмыстар толық аяқталды, ал Прибрежное ауылында құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар Прибрежное ауылына апаратын облыстық маңызы бар автомобиль жолын қайта жаңғырту және үш аралықты көпір салу жобасы басталды. Жобаның жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайды.

Өңірдегі 13 ауылда жалпы ұзындығы 18,9 шақырым қорғаныс үйінділері салынды. Большая Малышка, Ольшанка және Долматово ауылдарында үйінділер ылғал мен аязға төзімді геомембранамен қосымша нығайтылуда. Жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін 13 учаске белгіленді.

Қала аумағында су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың бірі — Заречный кенті. Мұнда жер үйінділерін нығайту және қорғаныс бөгеттерін салу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ ұзындығы 4 250 метр болатын айналма канал қайта жаңғыртылды. Тұрғындарды кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы бұл аумақта 90 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жалпы, өңір басшылығы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда екенін және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар жалғасатынын мәлімдеді.