Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қабылдау жөніндегі республикалық референдумға 10 күн қалды. 15 наурыз күні Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 365 мың тұрғын өз азаматтық ұстанымын білдіре алады. Қазіргі уақытта өңірде халыққа Негізгі заң жобасының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осындай кездесулердің бірі Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің ұжымында өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасында ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау негізгі қағидаттардың бірі ретінде айқындалғаны атап өтілді. Бұл Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің қызметкерлері үшін ерекше маңызды. Себебі бұл нормалар олардың кәсіби қызметімен тікелей байланысты. Атап айтқанда, өңірдің мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау, сондай-ақ тарихи құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізу жұмыстарын қамтиды.

Сонымен қатар жоба аясында дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып, білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипаты бекітіледі. Бұдан бөлек, неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы екені туралы норма да қарастырылған. Бұл дәстүрлі құндылықтарды сақтауды және әйелдердің құқықтарын жоғары құқықтық деңгейде қорғауды күшейтеді.
Кездесуге қатысушылар жаңа Негізгі заң жобасы елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайтынын атап өтті. Сондай-ақ ұжым алдағы 15 наурызда өтетін референдумға әр азаматтың қатысуы маңызды екенін айтты.
Осындай ақпараттық кездесулер өңірдегі түрлі ұйымдар мен мекемелерде өткізіліп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін халыққа кеңінен түсіндіруге бағытталған.