Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылғы өнеркәсіп, кәсіпкерлік және инвестициялық қызметтің даму қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі басымдықтар айқындалды. Өткен жыл өңір үшін сапалы өзгерістер кезеңі болды: облыс аграрлық өңір ретінде ғана емес, индустриялық дамып келе жатқан аймақ ретінде де өз ұстанымын нығайтып келеді, деп хабарлайды SKO24.kz.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 942,4 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 19,9%-ға жоғары. Өсім қолданыстағы кәсіпорындардың тұрақты жұмысы мен жаңа инвестициялық жобалардың іске асырылуы есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі қозғаушы күш – өңдеуші өнеркәсіп. Оның үлесіне саланың жалпы құрылымының 87%-ы немесе 820,1 млрд теңге тиесілі. Бұл көрсеткіштің артуына тамақ өнеркәсібі мен машина жасау кәсіпорындары елеулі үлес қосып отыр.
Жоғары өсім қарқынын машина жасау саласы көрсетуде. «ЗИКСТО» ЖШС-нің өндіріс көлемі 35,8%-ға артып, 169,8 млрд теңгеге жетті. Кәсіпорында 149 жолаушылар вагоны шығарылды. Сондай-ақ «СТ ЭССЕМБЛИ» ЖШС өндіріс көлемін 41%-ға, «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС 27,2%-ға, ал «Авагро» ЖШС 53,8%-ға ұлғайтты. Кәсіпорындардың тапсырыс портфелі 300,7 млрд теңгеге дейін өсіп, өндірістік қуаттардың тұрақты жүктелуін қамтамасыз етуде және одан әрі өсудің негізін қалыптастыруда. 2026 жылы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемін 1 трлн теңгеден асыру жоспарланып отыр.
Инвестиция тарту мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жалпы сомасы шамамен 900 млрд теңгені құрайтын 51 жоба ұсынылған. 2025 жылы өңір экономикасына 609 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 103,9%-ды құрады. Жеке инвестициялардың үлесі 72% болды. 2025 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 160,9 млн АҚШ долларына жетіп, жоспарланған көрсеткіштен екі еседен астам асты.
Жыл ішінде облыста жалпы сомасы 60,3 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба іске қосылды. Ірі жобалардың бірі – «ЗИКСТО» ЖШС-нің вагон-платформалар шығаратын жаңа цехы. Жобаға 23 млрд теңге инвестиция салынып, 309 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында құны 11,3 млрд теңге болатын «Eco Glade» ЖШС-нің саңырауқұлақ өсіретін фермасы іске қосылды.
Шетелдік инвесторлармен жұмыс белсенді жалғасуда. Қытай компанияларымен бірлесіп агроөнеркәсіп және логистика салаларындағы жаңа жобалар пысықталуда. Тайынша ауданында Kazakhstan National Transportation Group және Gansu Logistics Group компанияларының қатысуымен элеватор мен жемдік ұн өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар астық сақтау қоймалары мен элеваторларға арналған жабдықтар өндірісін жергіліктендіру мәселесі қарастырылуда.
Өңірдің инвестициялық саясатында «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы маңызды рөл атқарады. Оның аумағында жалпы сомасы 34,5 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, шамамен 749 жұмыс орны құрылды. АЭА біртіндеп Солтүстік Қазақстанның логистикалық және өндірістік хабына айналып келеді. Өткен жылы ірі инвестициялық жобаларды орналастыру үшін үш жаңа субаймақ құрылды.
Ірі жобалардың қатарында катарлық Ultradecor компаниясының құны 96,7 млрд теңге болатын ДСП және ЛДСП плиталарын өндіретін ағаш өңдеу кәсіпорнының құрылысы бар. Сондай-ақ түркиялық YDA Group компаниясының қатысуымен жалпы құны 104 млрд теңгені құрайтын тыңайтқыштар мен пестицидтер шығаратын агрохимиялық кешен салу жоспарлануда.
Перспективалы экологиялық бастамалардың бірі – «Техноэкопарк» жобасы. Оның құрамына қоқыс сұрыптау кешені, қағаз бұйымдары фабрикасы, картон комбинаты және металл-пластик бұйымдарын шығаратын зауыт кіреді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 54,4 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Өңірде туризм саласы да дамып келеді. 2025 жылдың тоғыз айында облысқа 133,8 мың турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,1%-ға көп. Көрсетілген қызметтер көлемі 26,3%-ға артып, 2,4 млрд теңгеге жетті. Туристерді тартудың негізгі орталығы – Имантау-Шалқар курорттық аймағы. Мұнда инфрақұрылымды дамыту, жаңа жолдар салу және қонақүй бизнесі жобаларын іске асыру жалғасуда.
Өңірде шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Бүгінде облыста 35 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істейді. 2025 жылы кәсіпкерлікті қолдауға 9,7 млрд теңге бағытталды. 69 жобаға субсидия беріліп, бизнесті дамыту үшін кепілдіктер мен гранттар ұсынылды. 2026 жылы қолдау шаралары «Іскер Аймақ» жаңа бағдарламасы және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалғасатын болады.
2026 жылы өңір алдында негізгі бағыттар бойынша оң динамиканы сақтау міндеті тұр. Олар – өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту, қайта өңдеуді кеңейту, кәсіпкерлікті қолдау және туристік жобаларды іске асыру.