СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхаметов Мүсірепов, Айыртау, Шал ақын, Тимирязев, Есіл аудандарының әкімдері, сондай-ақ жауапты ведомстволардың басшыларының қатысуымен тасқынға дайындық бойынша қорытынды кездесу өткізді, деп хабарлайды SKO24.kz.
Аталған аудандарда су тасқыны қаупі бар елді мекендер анықталды. Өткен жылдан бері су басу қаупін барынша азайту мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізілуде.
Шал ақын ауданына тапсырма берілді: Кіші Тораңғыл көлінде жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу және Сергеевка қаласында қорғаныс бөгетін нығайту.
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданға тапсырма берілді: Тахтаброд ауылында ұзындығы 5 км болатын су бұру арнасын тереңдету. Су тасқыны қаупі бар Новоишимское, Рузаевка, Чистополье, Бірлік және Тахтаброд ауылдарын инертті материалдармен толық қамтамасыз ету.
Есіл ауданына тапсырма берілді: Ұзындығы 1 км су бұру арнасын тазарту және Чириковка ауылындағы топырақ бөгетін нығайту. Николаевка ауылында ауылішілік жолға диаметрі 0,5 м болатын қосымша су өткізгіш құбыр орнату.

Айыртау ауданына тапсырма берілді: Гусаковка ауылында қорғаныс бөгетін нығайту, Ағынтай батыр және Имантау ауылдарында су өткізгіш құбырларды орнату, сондай-ақ «Новосветловка – Береславка» автожолының 23-шақырымында диаметрі 1 м болатын су өткізгіш құбырды қалпына келтіру.
Тимирязев ауданына тапсырма берілді: Құрттай, Дзержинск және Ақсуат ауылдық округтерінде бөгеттерді нығайту.

Сонымен қатар, барлық аудандарға жергілікті маңызы бар жолдардағы 41 су өткізгіш құбырды ауыстыру және 36 құбырды жөндеу тапсырылды. Инертті материалдар мен арнайы техника толық көлемде дайындалуы тиіс.
Кеңес барысында өңір басшысы аудан әкімдеріне және жауапты қызметтерге жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды және алдағы кезеңге толық дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.