Қазақстан бюджет қаражатын тиімді әрі ашық жұмсауға көшуде
Бөлісу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық құралдарды қолдана отырып, бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет қаржылық тәртіпті күшейтуге және негізсіз төлемдерді қысқартуға бағытталған бірқатар шара қабылдады, деп хабарлайды SKO24.kz.
Әлеуметтік салада медициналық көмек пен жеке білім беруді қаржыландырудың бұрынғы тәсілдері қайта қаралды. Мәселен, цифрлық құралдар қаражат аударылғанға дейін бұзушылықтарды анықтауға, қолмен есептеулерді жоюға және бюджетті нақты көрсетілген қызметтерге бағыттауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік шығыстардың көлемі ғана емес, бюджет қаражатын басқару тәсілінің өзі де өзгеруде: тәуекелдер мен ықтимал заңбұзушылықтар төлемдер жүргізілгеннен кейін ғана емес, бюджет қаражаты аударылғанға дейін де анықталуда. Алдын алу тетіктері енгізіліп, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері біріктіріліп, есептеулер мен тексеру рәсімдері цифрлық форматқа ауыстырылуда.
Бұл жұмыстың алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде елеулі қаржылық әсер беріп отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында антифрод-тетіктер төлемдер жүргізілгенге дейін 4 млрд теңгеден астам сомаға ақауларды анықтады. Жеке мектептерді қаржыландыруда қолмен есептеу тәсілдерін жою және ашық цифрлық құралдарға көшу есебінен 2025 жылғы қыркүйек–желтоқсан айларында бюджет 8 млрд теңге үнемдеді.
МӘМС реформасы: негізсіз төлемдердің алдын ала тоқтатылуы
2026 жылғы қаңтарда МӘМС қаражатын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) ҚР Қаржы министрлігінің қарамағына берілді.
Президенттің МӘМС жүйесін трансформациялау жөніндегі алға қойған міндеттері шеңберінде ақпан айында жинақталған қаржылық және басқарушылық теңгерімсіздіктерді жоюға бағытталған реформаны іске асыру басталды. Қаржылық тәртіпті арттыруға және бірыңғай цифрлық контуры бар басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Негізгі өзгерістердің бірі – кейінгі бақылаудан негізсіз төлемдердің жүзеге асырылуына дейін олардың алдын алуға көшу.
Мысалы, бұрын төлемдерді тексеру фактіден кейін, яғни ақша аударылған соң жүргізілсе, қазір негізсіз төлемдердің алдын ала алынуына жол берілмейді. Нәтижесінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында антифрод жүйесі медициналық ұйымдарға тиісті қаражат аударылғанға дейін 4 млрд теңгеден астам сомаға ақауларды анықтады.
Астанада Qalqan платформасы арқылы медициналық көмектің жекелеген түрлеріне ақы төлеу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда
Сонымен қатар қаржыландыру мен деректерді басқару моделі де өзгеруде. Жоспарлау мен сатып алудан бастап медициналық көмекті бақылау мен төлеуге дейінгі бүкіл цикл Qalqan платформасында бірыңғай цифрлық контурға біріктіріледі.
Қазір 207 клиниканың базасында пилоттық апробация жүргізілуде. Платформа арқылы медициналық көмектің 92 түрінің 20-сы бойынша төлем жүзеге асырылуда, тағы 60 түрі бойынша сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін барлық көрсетілген медициналық көмек түрін өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарлануда.
Бұл ретте Qalqan тек қаржылық бақылау құралы ғана емес. Платформа медициналық ұйымдарға өзінің қаржылық жағдайын басқаруға, оның ішінде созылмалы кредиторлық берешекті азайтуға, сондай-ақ дәрігерлердің әкімшілік жүктемесін төмендетуге бағытталған.
Сонымен қатар өзгерістер цифрландырумен және бақылауды күшейтумен шектелмейді. Қордың жұмыс моделі қайта құрылуда. Енді негізгі фокус шығындарды бақылаудан қаржыландыру тиімділігін және медициналық көмектің нәтижесін бағалауға ауысуда.
Бұл ӘМСҚ көрсетілген қызметтердің көлемі мен құнын ғана емес, сонымен қатар пациент үшін бөлінген қаражатқа қандай нәтиже алынғанын да бағалайтынын білдіреді.
QR-кодтар және eGov Mobile арқылы қызметтерді бақылау
Цифрландыру пациенттің рөлін де өзгертуде. Ол енді пассивті медициналық көмек алушы ғана емес, мемлекет пен ӘМСҚ-ның оның атынан төлейтін қызметтерді бақылауға қатысатын тарапқа айналуда.
Бұл шешімдердің бір бөлігі қазірдің өзінде жұмыс істей бастады: бүгінде пациент eGov Mobile қосымшасында QR-код арқылы медициналық ұйымға барғанын растай алады. Болашақта бұл қызметті екінші деңгейдегі банктердің қосымшаларында да іске қосу жоспарлануда.
Келесі кезең электрондық қаржылық паспортты енгізуге бағытталады. Онда пациентке көрсетілген және ол үшін төленген медициналық көмек туралы ақпарат қолжетімді болады.
Осылайша, МӘМС трансформациясы қызметтердің көлемі мен құнын қарапайым бақылаудан қаржыландырудың тиімділігін және медициналық көмектің түпкілікті нәтижесін бағалауға көшуді көздейді.
Қазіргі уақытта МӘМС жүйесін реформалаудың қаржылық тәртіпке, ашықтыққа және басқару тиімділігіне бағытталған бірінші кезеңі аяқталды.
2026 жылдың екінші жартыжылдығында Қор қайта құрудан жаңа модельдің тетіктерін кең ауқымда енгізуге көшеді. Келесі кезеңнің міндеті – барлық енгізілген өзгерістерді нақты нәтижеге айналдыру: науқас үшін – қолжетімді және тиімді медициналық көмек, дәрігер үшін – түсінікті ережелер және қаржыландырудың әділ моделі.
Бұл ретте барлық өзгерістердің тиімділігінің негізгі критерийі – олардың пациент пен дәрігерге тигізетін әсері.
Цифрлық құралдар арқылы нақты білім беру қызметтеріне ақы төлеу
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жекеменшік мектептерді қаржыландыру саласында да осындай тәсіл қолданылды.
Жекеменшік мектептер желісі кеңейген сайын мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыруға жұмсалатын қаражат көлемі де ұлғайды: егер 2020 жылы елде 203 жекеменшік мектеп жұмыс істесе, 2025 жылға қарай олардың саны 745-ке жетті. Мұндай динамика оқушы орындарын есепке алу және мемлекеттік тапсырысты есептеу тәсілдерін қайта қарауды талап етті. Бұл қаражатты бөлуді барынша дәл әрі ашық етуге мүмкіндік береді.
Қаржыландырудың ашықтығын арттыру мақсатында 2025 жылдың күзінде OrtaBilim цифрлық сервисі іске қосылды. Ол жекеменшік мектептерді жан басына шаққандағы қаржыландыруды Қаржы министрлігінің e-Qazyna платформасына көшіріп, бүкіл үдерісті толық автоматтандыруды қамтамасыз етті. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырысты орналастыру өкілеттігі жергілікті білім басқармаларына берілді.
Енді қаржыландыру көлемі оқушылар контингентін, білім беру қызметтерін көрсету шарттарын және қолданылатын нормативтерді қоса алғанда, верификацияланған деректер негізінде автоматты түрде айқындалады. Бұл қолмен есептеуге және субъективті шешімдерге тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді.
e-Qazyna платформасы «Күнделік» сияқты LMS жүйелерін қоса алғанда, үлгерімді есепке алу жүйелерімен және басқа да мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграцияланды. Оқушылар контингентін тексеру нақты уақыт режимінде жүргізіледі, ал барлық операциялар бойынша цифрлық із қалыптасады.
Жекеменшік мектептердегі төлемдерді цифрландыру есебінен 8 млрд теңге үнемделді
Нәтижесінде 2025 жылғы қыркүйек–желтоқсан айларында есептеулерді қолмен жүргізуден бас тарту есебінен бюджет 8 млрд теңге үнемдеді. Бүгінде платформада 899 жекеменшік мектеп цифрландырылды. 2026 жылғы қаңтар–мамыр айларында оператор 749 мектептің актілері бойынша жалпы сомасы 102,9 млрд теңге болатын төлемдерді ашық әрі айқын жүргізді.
Цифрлық тексеру нәтижесінде балаларды оқытуға арналмаған ғимараттарды пайдалануға байланысты заңбұзушылықтар да анықталды. Мұндай 145 мектеп анықталды, олар бойынша мемлекеттік тапсырыстың көлемі 38 млрд теңгені құрайды. Мәселе коттедждерде, кеңсе ғимараттарында және бұрынғы өндірістік цехтарда орналасқан нысандарға қатысты болып отыр.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ғимараттары білім беру қызметіне арналмаған жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысы толығымен тоқтатылады. Осы уақытқа дейін бизнеске нысандарды санитариялық және қала құрылысы нормаларына сәйкестендіруге мүмкіндік берілді.
Бұл ретте реформаның мақсаты жекеменшік білім беруді қолдауды қысқарту емес, бюджет қаражатының білім беру қызметтерін нақты көрсететін әрі белгіленген талаптарға сай келетін мектептерге бағытталуын қамтамасыз ету болып табылады.
Мемлекеттік қаражат – нақты нәтижеге
Үкіметтің МӘМС жүйесі мен жекеменшік мектептерді қаржыландыруға қатысты жүргізіп жатқан өзгерістерін бір қағида біріктіреді: мемлекет формалды көрсеткіштер үшін емес, нақты көрсетілген қызметтер мен нақты нәтижелер үшін ақы төлеуі тиіс.
Денсаулық сақтау саласында бұл превентивті бақылауға, қаржыландыруды цифрлық басқаруға және пациент үшін ашықтықты арттыруға көшуді білдіреді. Білім беру саласында бұл контингентті автоматты түрде тексеруді, қолмен есептеуден бас тартуды және мемлекеттік тапсырысты білім беру қызметтерінің нақты көрсетілуіне байланыстыруды білдіреді.
Осылайша, цифрландыру өз алдына мақсат емес, бюджет қаражатының қайтарымын арттыру құралына айналып отыр. Негізсіз шығындарды ерте анықтау олардың алдын алуға және босатылған ресурстарды шынымен қажетті мемлекеттік қызметтерге бағыттауға мүмкіндік береді.
Енгізілген тетіктерді кеңейту жұмысы одан әрі жалғасады. Олардың тиімділігінің басты өлшемі – азаматтар үшін нақты нәтиже: пациент үшін – қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек, оқушы үшін – қауіпсіз жағдай мен сапалы білім, ал мемлекет үшін – бюджет қаражатының ашық әрі ұтымды пайдаланылуы.
Бөлісу