Басты бет СҚО жаналықтары СҚО-да 800-ге жуық студентке киберқылмыс үшін жауапкершілік түсіндірілді

СҚО-да 800-ге жуық студентке киберқылмыс үшін жауапкершілік түсіндірілді

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 25
cover

Солтүстік Қазақстан облысында студенттердің киберқауіпсіздік және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

18 қыркүйекте облыстық прокуратура полиция қызметкерлерімен бірлесіп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттеріне «Киберқылмыстар бойынша қылмыстық жауаптылық» тақырыбында дәріс өткізді. Іс-шараға 800-ге жуық студент қатысты.

Кездесу барысында мамандар киберқылмыстарға қатысты қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері туралы айтып берді. Сонымен қатар жастарды құқыққа қайшы әрекеттерге тартудың түрлі тәсілдеріне тоқталды.

Дәрісте дропперлік мәселесіне ерекше назар аударылды. Студенттерге банк карталары мен есепшоттарын бөгде адамдарға берудің, сондай-ақ заңсыз қаржылық операцияларға қатысудың құқықтық салдары түсіндірілді.

Прокуратура мәліметінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 400-ден астам алаяқтық фактісі және дропперлікке қатысты 200-ге жуық жағдай тіркелген. Құқыққа қайшы әрекеттерге тартылғандардың арасында оқу орындарының студенттері де бар.

Іс-шара соңында жастар интернетте қауіпсіздік шараларын сақтау, күмәнді ұсыныстардан аулақ болу және заңсыз қаржылық схемаларға қатыспау жөнінде өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.

Облыстық прокуратураның хабарлауынша, жастардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бөлісу