СҚО-да Мағжан Жұмабаев мұрасының жастар тәрбиесіндегі рөлі талқыланды
Бөлісу
Солтүстік Қазақстан облысында жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған мәдени-ағартушылық іс-шара өтті, деп хабарлайды SKO24.kz.

4 тамызда Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев орталығында Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы бастамасымен «Мағжан мұрасы: жастар көзқарасы» атты бағдарлама ұйымдастырылды.

Кездесудің негізгі мақсаты – оқушылар мен студенттердің заңға деген құрметін қалыптастыру, құқықтары мен міндеттері туралы түсінігін кеңейту, сондай-ақ азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді нығайту.

Іс-шара барысында қатысушылар Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы азаматтық жауапкершілік, әділдік, елге қызмет ету және Отанға деген сүйіспеншілік тақырыптарын талқылады. Ақынның бір ғасыр бұрын көтерген көптеген идеяларының бүгінгі қоғам үшін де өзектілігі атап өтілді.
Жастарға заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды негіздері екені түсіндірілді.
Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық мұрасы – қазақ халқының рухани қазынасының ажырамас бөлігі. Оның білім, бірлік, елдік және еркіндік туралы ойлары қазіргі жас ұрпақтың азаматтық көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мен облыс әкімдігі жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда.
Осындай кездесулер жастардың ұлттық тарих пен рухани мұраға қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін терең түсінуіне мүмкіндік береді.
Бөлісу