Басты бет СҚО жаналықтары СҚО-да «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында 130-дан астам тұрғынға тегін құқықтық көмек көрсетілді

СҚО-да «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында 130-дан астам тұрғынға тегін құқықтық көмек көрсетілді

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 17
cover

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізуді жалғастыруда, деп хабарлайды SKO24.kz.

Кезекті акция 7 шілде күні өтті. Оның барысында облыс тұрғындары тұрғын үй, еңбек, отбасы және өзге де құқық салалары бойынша тегін заңгерлік кеңес алды.

Сонымен қатар азаматтарға мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі, алаяқтықтың, ұрлықтың, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Акция аясында тұрғындарға 136 жеке құқықтық консультация беріліп, заңнаманың кеңінен қолданылатын нормалары мен уәкілетті мемлекеттік органдардың байланыс деректері қамтылған ақпараттық жадынамалар таратылды.

Мәселен, Петропавл қаласының тұрғыны ажырасқаннан кейін баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау мәселесі бойынша құқықтық көмекке жүгінді. Прокуратура қызметкерлері оған Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 11 маусымдағы №86-НҚ нормативтік қаулысының талаптарын түсіндірді. Аталған қаулыға сәйкес, баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы істер бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу міндетін өндіріп алушыға жүктеу атқарушылық іс жүргізу шығыстарын борышкерге жүктеудің жалпы қағидаттарына сәйкес келмейді.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы осындай 25 акция өткізіп, олардың барысында 20 мыңға жуық азаматқа құқықтық көмек көрсетті.

«Құқықтық дәріхана» акциясы тұрақты түрде жалғасуда. Әр сейсенбі сайын тұрғындар Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде, сондай-ақ облыстың аудан орталықтарындағы сауда-ойын-сауық орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мәдениет үйлерінде, аудандық ауруханаларда және басқа да қоғамдық орындарда тегін құқықтық кеңес ала алады.

Бөлісу