СҚО әкімдігінде құрылыс пен коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды
Бөлісу
Тұрғын үй құрылысы өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала береді. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5%-ға өсіп, 40,3 млрд теңгені құрады. 2023–2025 жылдары жалпы ауданы 454 мың шаршы метрден асатын 67 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды SKO24.kz.

Биыл жалпы ауданы 184,2 мың шаршы метрді құрайтын 21 көпқабатты тұрғын үй және 155,8 мың шаршы метр жеке тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.Көпқабатты тұрғын үйлердің 88%-ы жеке инвестициялар есебінен салынады. Бұл құрылыс саласындағы инвестициялық белсенділіктің жоғары екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, облыста Цифрлық трансформация картасы аясында құрылыс саласын басқарудың заманауи цифрлық құралдары кезең-кезеңімен енгізілуде. Олардың қатарында мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мен e-Qurylys жүйесі бар. Бұл құрылыс үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға және жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Жиын барысында облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға құрылыс сапасын қамтамасыз етуге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және құрылыс үдерістерін толық цифрландыру мен барлық кезеңде бақылауды күшейтуді көздейтін жаңа Құрылыс кодексін тиімді іске асыруға ерекше назар аударуды тапсырды.

Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасы және Үкіметтің қолдауының арқасында сумен жабдықтау және су бұру саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соңғы үш жылда бұл бағытқа 98,7 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 45,2 млрд теңге қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Осы кезеңде 1 143 шақырым су құбыры желісі салынып, қайта жаңғыртылды, сондай-ақ 46 кешенді блок-модуль орнатылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша барлық 590 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметімен қамтылған.
Биыл Преснов және Соколов топтық су құбырларын реконструкциялау, сондай-ақ Көкшетау топтық су құбырынан тартылатын су тартқышының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар Петропавл қаласының коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобалар іске асырылуда. Айыртау, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда және Петропавл қаласында кәріздік тазарту құрылыстарын салу жоспарланған.
Жауапты мемлекеттік органдарға барлық инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асырылуын бақылауда ұстау тапсырылды.
Бөлісу