СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Халықаралық нан күніне орай диқандарға алғыс білдірді
Бөлісу
Фото ИИ: Gemini
16 қазан – Халықаралық нан күні. Бұл мереке – еңбектің, береке мен молшылықтың символы. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңір тұрғындары мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін мерекемен құттықтады, деп хабарлайды SKO24.kz.
Өңір басшысы өз құттықтауында нанның қадір-қасиетіне тоқталып, әрбір алтын дәннің артында туған жерге деген сүйіспеншілік, адал еңбек пен маңдай тер жатқанын атап өтті.
«Биыл да диқандарымыз еселі еңбектің жемісін көріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Облыста дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 17 центнерді құрады. Бұл – еліміздің негізгі астықты өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш», – деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.
Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Биылғы жоғары көрсеткіштер өңірдің аграрлық әлеуетінің зор екенін және жергілікті шаруалардың кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сөз соңында облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып жүрген барша еңбек адамына шынайы алғысын білдіріп, диқандар мен олардың отбасыларына зор денсаулық, амандық, бақ-береке, елімізге тыныштық пен молшылық тіледі.
Бөлісу