Солтүстік Қазақстан облысында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды
Бөлісу
Фото ИИ: ChatGPT
Солтүстік Қазақстан облысында қару айналымы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. 20–24 шілде аралығында полиция қызметкерлері азаматтық қару иелерінің заң талаптарын сақтауын тексеріп, заңсыз сақталған атыс қаруын анықтау және тәркілеу жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды SKO24.kz Солтүстік Қазақстан облысы полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда өңірде азаматтық қарудың 7013 иесі ресми тіркелген. Олардың иелігінде барлығы 10 660 қару бірлігі бар. Осыған байланысты полиция қызметкерлері қарудың сақталуы, тасымалдануы және пайдаланылуы қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес келуіне ерекше назар аударып отыр.
Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күндерінде-ақ тәртіп сақшылары қару айналымы саласындағы тоғыз құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, қаруды сақтау талаптарын бұзғаны үшін бес әкімшілік хаттама толтырылды. Тағы екі азамат қаруды қайта тіркеу мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, заңсыз сақталған қару фактілері бойынша тағы екі әкімшілік материал рәсімделді.
Полицейлердің айтуынша, мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және қару айналымы саласындағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
Полиция департаменті қарудың жоғары қауіптілік көзі екенін тағы бір мәрте еске салады. Сондықтан оны сақтау, алып жүру және пайдалану кезінде заң талаптарын қатаң сақтау – әрбір қару иесінің міндеті. «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында өткізілетін мұндай профилактикалық іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге және өңірдегі құқықтық тәртіпті күшейтуге бағытталған.
«Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өңір аумағында 24 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде полиция қызметкерлері қару иелерін тексеру жұмыстарын жалғастырып, заңсыз қару айналымының жолын кесуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыратын болады.
Бөлісу