Басты бет СҚО жаналықтары Солтүстік Қазақстан облысында бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталығы ашылады

Солтүстік Қазақстан облысында бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталығы ашылады

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 89
cover

Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу кезінде туындайтын мәселелерді шешуге көмектесетін Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталығы (БҚСО) ашылады. Пилоттық жоба «Даму» қорының өңірлік филиалы базасында жүзеге асырылады, деп хабарлайды SKO24.kz.

Орталықтарды құру тұжырымдамасы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте таныстырылды.

«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевтің айтуынша, бүгінде кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың түрлі құралдарына қол жеткізе алады. Алайда бизнес өкілдері қиындыққа тап болған кезде мәселені шешу үшін қай мекемеге жүгіну керектігін білмеуі мүмкін. Себебі кейбір мәселелер бірнеше мемлекеттік орган мен ұйымның құзыретіне кіреді.

«Қолдау орталықтарын құру кезінде «Атамекен» ҰКП проблемалық мәселелер тізілімінен 2,4 мыңнан астам ШОБ өтінішіне талдау жасалды. Оның 600-ден астамы пилоттық жобаны іске қосу жоспарланған өңірлерден келіп түскен. Бизнес өтініштерінің негізгі бөлігі қаржыландыруға қол жеткізу, берешекті қайта құрылымдау, мемлекеттік қолдау шараларын алу, салық, өнімді өткізу, кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту бойынша консультациялар туралы. Сондай-ақ сұраныстардың едәуір бөлігі АӨК секторына қатысты. БҚСО дәл осы бағытта жұмыс істейді. Бұл ретте орталықтардың тиімділігінің негізгі көрсеткіші өткізілген консультацияның саны емес, кәсіпкерлердің реттелген мәселелерінің үлесі болады», — деп атап өтті Фархат Сәрсекеев.

Орталықтардың жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Яғни күрделі жағдайға тап болған кәсіпкер «Даму» қорының филиалына жүгініп, өз мәселесіне қатысты қажетті кеңес ала алады.

Пилоттық жоба Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында іске қосылады. Жоба қыркүйек пен желтоқсан аралығында жүзеге асырылады.

Пилот қорытындысы бойынша жаңа тетіктің тиімділігі бағаланып, оны еліміздің барлық өңіріне тарату мәселесі қаралады.

Сонымен қатар орталықтарды іске қосу және олардың жұмыс істеу тетіктерін пысықтау үшін мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, қаржы реттеушілерінің және «Даму» қорының өкілдерінен жұмыс тобы құрылады.

Бөлісу