Жаңа волейбол маусымы, үлкен мақсаттар және әр доп үшін күрес — петропавлдық «Quanysh» стартқа дайын
Бөлісу
«Quanysh» волейбол клубы жаңа маусымға үлкен мақсаттармен және елеулі өзгерістермен қадам басқалы отыр. Әйелдер командасын түркиялық маман Саим Паккан басқарса, ерлер құрамасы Алексей Терениннің жетекшілігімен дайындық жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды SKO24.kz.
Қазір қос команда үшін де басты міндет — дайындық кезеңін сапалы аяқтап, жаттығу барысында атқарылған жұмысты ресми ойындарда көрсету.
Жаңа бапкер және жаңа міндеттер
Жаңа маусымда «Quanysh» волейбол клубының әйелдер командасын түркиялық маман Саим Паккан басқарады. Бұл — бапкердің Қазақстандағы алғашқы жұмыс тәжірибесі. Соған қарамастан, ол алғашқы күндерден-ақ команданың әлеуетін жоғары бағалаған.

«Алғашқы күні келгенімде-ақ бұл команданың әлеуеті жоғары екенін көрдім. Мұнда талантты да, тәжірибелі де ойыншылар бар. Осындай ұжыммен жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. Мен Түркиядағы тәжірибемді осы командаға алып келгім келеді. Мен әрдайым Түркия волейбол лигасының мықты командаларында жұмыс істедім. Клубтың табысты болғанын және ойыншыларымыздың жетістікке жеткенін қалаймын. Командаға жеңіске деген менталитетті қалыптастырғым келеді», — деді «Quanysh» волейбол клубының әйелдер командасының бас бапкері Саим Паккан.
Соңғы екі айда команда физикалық және тактикалық тұрғыда ауқымды жұмыс атқарды. Қазір ұжым өзара үйлесімділікті арттырып, бір-біріне бейімделу кезеңінен өтіп, ресми ойындарға біртіндеп дайындалып жатыр.
«Соңғы екі айда физикалық және тактикалық тұрғыда көп жұмыс атқардық. Біз бір-бірімізге бейімделіп, бір-бірімізді жақсырақ танып, команда ретінде бірге жұмыс істеуіміз керек. Әрине, біз финалдарға мүмкіндігінше жиі шығып, көшбасшылар қатарында барынша ұзақ болғымыз келеді. Жанкүйерлер бізден сапалы әрі қарқынды волейбол күте алады. Біз әр доп үшін соңына дейін күресіп, алаңда жоғары деңгейдегі ойын көрсетуге тырысамыз», — деді Саим Паккан.
Қазақстанға келмес бұрын бапкер жергілікті чемпионат туралы ақпарат жинаған. Оның айтуынша, ел чемпионатында бірнеше мықты клуб бар. Сонымен қатар командаға ұзақ сапарларға және қысқы ауа райына бейімделуге тура келеді. Маманның сөзінше, ойыншылардың басым бөлігі Қазақстанда өткен маусымда да өнер көрсеткендіктен, жергілікті чемпионаттың ерекшеліктерімен жақсы таныс.

«Енді көздегеніміз — алтын»
Әйелдер командасының капитаны Сабира Бекишева үшін де жаңа маусым өзгерістермен басталып отыр. Құрам сәл жасарды, жаңа жаттықтырушылар штабы келді, жаттығу жүйесі мен талаптар өзгерді. Алайда команданың басты мақсаты өзгерген жоқ — чемпиондық атаққа қол жеткізу.
Өткен маусымда күміс медаль иеленген команда капитаны биыл бірінші орын үшін күресуге ниетті. Оның пікірінше, жаңа бапкердің жұмыс тәсілі командаға алға қарай тағы бір қадам жасауға мүмкіндік береді.

«Жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Біз шілде айында бастадық, жаңа бапкермен екі жарым айдан бері жұмыс істеп келеміз. Жаңа бапкер, жаңа команда. Команданың орташа жасы сәл төмендеді, бірақ мақсатымыз әрқашан бір — чемпиондық. Күміс медаль жеткілікті, енді чемпион болғымыз келеді. Жаңа бапкермен бұл мақсатқа жетуге мүмкіндік бар деп ойлаймын. Өйткені жаңа тәсіл, жаңа талаптар, жаттығу тәртібі мен жүйесі қалыптасты. Енді өз мақсатымызды алаңдағы ойындарда дәлелдеуіміз керек», — деді «Quanysh» волейбол клубының әйелдер командасының капитаны Сабира Бекишева.

Ерлер командасы: «Есиль СК»-дан «Quanysh»-қа дейін
Бұған дейін «Есиль СК» атауымен өнер көрсеткен ерлер командасы жаңа маусымда «Quanysh» волейбол клубының намысын қорғайды. Ұжымның дайындығы Петропавлда өтіп жатыр. Бас бапкер Алексей Терениннің айтуынша, команда жоспар бойынша жұмыс істеп, жолдастық кездесулер арқылы ойын тәжірибесін жинақтауда.

«Жазғы кезеңде ауқымды жұмыс атқарылды. Жаттығу процесі Петропавлда өтіп жатыр, жоспар бойынша жұмыс істеп келеміз, оны жеделдетіп жатқан жоқпыз. Оралға барып, жолдастық кездесулер өткіздік. Үш ойын ойнап, оның екеуінде жеңіске жеттік. Қазір дайындықты жалғастырып жатырмыз, барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Біз үшін ойын тәжірибесін жинақтап, чемпионатқа оңтайлы жағдайда жету маңызды», — деді «Quanysh» волейбол клубының ерлер командасының бас бапкері Алексей Теренин.
Команда капитаны Александр Сулейманов үшін де жаңа маусым үлкен үмітпен басталып отыр. Оның айтуынша, қазіргі құрамда тәжірибелі ойыншылар көп, олардың басым бөлігі бұған дейін де бірге өнер көрсеткен.

«Дайындық жақсы өтіп жатыр, қалыпты тәртіпте жұмыс істеп келеміз. Әрине, соңғы екі жыл біз үшін аса сәтті болған жоқ. Бірақ қазір команда толық жасақталды, тәжірибелі жігіттер жиналды. Олардың арасында бұған дейін бізбен бірге ойнаған және жүлделі орындарға ие болған чемпионаттарға қатысқан ойыншылар да бар. Қазір барлығымызды қайтадан бір құрамға жинау мүмкін болды. Бізбен бірге Денис Горбачёв те бар. Сол нәтижені қайталап, қайтадан жүлдеге ілігеміз деп үміттенемін», — деді команданың капитаны, доигровщик Александр Сулейманов.
Маусым басталар алдында ерлер командасы «Оқжетпеспен» де жолдастық кездесу өткізеді.
Маусым қашан басталады?
«Quanysh» волейбол клубының әйелдер командасы чемпионаттағы алғашқы ойындарын 3–4 қазанда өткізеді. Алғашқы кездесулер Петропавлда «Қарағандыға» қарсы өтеді.
Ерлер командасы маусымды 17–18 қарашада бастайды. Алғашқы ойындарын сырт алаңда Өскеменнің «Береліне» қарсы өткізеді.
Өткен маусымда «Quanysh» волейбол клубының әйелдер командасы чемпионаттың күміс жүлдегері атанса, ерлер құрамасы маусымды алтыншы орында аяқтады. Енді командалардың алдында жаңа міндеттер тұр: әйелдер командасы чемпиондық үшін күресіп, келесі қадамды жасауды көздесе, ерлер ұжымы өткен жылғы нәтижесін жақсартуға ниетті.
Бөлісу